Футбол: Маурисио Почеттино «Челси» клубының бас бапкері болды

None
Фото: EPA-EFE/ NEIL HALL
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Аргентиналық Маурисио Почеттино англиялық «Челси» футбол клубының бас бапкері қызметіне тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Келісім-шарт 2025 жылға дейін жасалған және оны тағы бір жылға созуға мүмкіндік бар. Почеттино жаңа қызметіне 1 шілдеден бастап кірісе алады.

Биылғы жылғы футбол маусымы соңына дейін «Челсидің» бас бапкері міндетін Фрэнк Лэмпард атқарады. Ол Грэм Поттер қызметінен кеткеннен кейін аталған қызметке келді.

Аргентиналық маман бұдан бұрын 2022 жылдың маусым айына дейін Францияның «Пари Сен-Жермен» клубының тізгінін ұстады. Оның жетекшілігімен команда Франция чемпионатын жеңіп алды. Кубок және суперкубок иегері атанды. Оған дейін Почеттино испаниялық «Эспаньол», англиялық «Саутгемптон» және «Тоттенхэм» командаларына жетекшілік етті.

Биылғы футбол маусымының нәтижесі бойынша «Челси» ұлттық біріншілікте 12-орын алды. Англия кубогы және Англия лигасы кубогының үшінші кезеңінде жарыс жолынан шығып қалды. Ал Чемпиондар лигасында ширек финалға дейін жетіп, онда екі ойынның нәтижесімен Испанияның «Реал Мадрид» клубына жол берді.

Еске салсақ, бұдан бұрын футболдан Қазақстан кеңейтілген құрамасына кімдер шақырту алғаны хабарланды.


Соңғы жаңалықтар