Футбол клубтарын басқару мен бағалаудың бірыңғай стандарты жасалады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Елімізде футбол клубтарын басқару мен оны бағалау бойынша бірыңғай стандарт енгізіледі. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының президенті Әділет Барменқұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Төрелік мәселесі - ауқымды шаруа. Федерация басшысы ретінде бұл мәселемен өзім айналысамын. Себебі, төрелікті футболдың бет-бейнесі деп санаймын. Төрелікке қатысты таяқтың екінші ұшы бар - футбол клубтары арасында спорт этикетін енгізуіміз керек. Бұл премьер-лигаға да, жаңадан құрылған жасөспірімдер лигасына да қатысты. Аталған принцип барлық жерде жұмыс істеуі тиіс. Өткен жылы төрелікке қатысты мәселелерді қарастырдық», - деді Әділет Барменқұлов елордада өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, бүгінде бір топ отандық футбол төрешісі УЕФА тәжірибесімен танысып жатыр.

«Біз премьер-лига үшін 23 үздік төреші және жасөспірімдер лигасы үшін 20 перспективалы жас төрешіні таңдап алдық. Қазір олар УЕФА мамандарының қатысуымен кәсіби біліктілігін көтеріп жатыр. Біз үшін төрешілердің кәсіби құзыретін арттыру маңызды. Оларға кәсіби төреші мәртебесі беріледі. Бұл нені білдіреді? Әңгіме жаңа келісімшарттар мен бонустар туралы болып отыр. Біз жүйені мұқият зерттедік және биыл оның қалай жұмыс істейтінін көреміз. Сонымен қатар телеарналармен келіссөз жүргізіп, сарапшыларды тарта отырып, жанжалды матчтарды ашық талқылайтын боламыз. Біз барлық клубтар үшін басқару мен басқаруды бағалаудың бірыңғай стандартын енгіземіз», - дейді ол.


Соңғы жаңалықтар