Футбол: Қазақстандық үш қыз Мадридте шеберлігін шыңдайды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Астана» футбол клубы Испаниядағы «Достыққа арналған футбол» бағдарламасына қатысып, клубқа қарасты футбол орталығынан үш қыз баланы Испанияға жіберіп отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Астана-Аренада өткен бүгінгі баспасөз мәслихатында бұл туралы клубтың атқарушы директоры Пол Эшуорт мәлім етті.

«Өздеріңіз естіп отырғандай, «Астана» футбол клубы халықаралық «Достыққа арналған футбол» әлеуметтік бағдарламасына қатысады. Ол бағдарлама бойынша Испанияда әлемнің әр түкпірінен жас қатысушылар бас қосады. «Астана» ФК үшін осындай халықаралық бағдарламаларға қатысудың маңызы зор. Ұйымдастырушылар тарапынан шақыртуды қуана қабыл алып отырмыз», - дейді ол.

Пол Эшуорттың айтуынша, қазіргі таңда елордадағы «Астана» ФК орталығында 300-ге тарта жас өрен футбол үйірмесіне қатысады. Осы жылы тіпті 2003-2008 жылдары туған қыз балаларға арналған топ ашылған.

«Біздің әріптесіміз - «Самұрық-Қазына» Ұлттық әл-ауқат қоры» АҚ-тың арқасында футбол орталығындағы барлық үйірмелерді тегін етуді жоспарлап отырмыз. Осылайша, біз жас буынды баулуда өз үлесімізді қосудамыз», - дейді Пол Эшуорт.

«Достыққа арналған футбол» бағдарламасы бойынша қазақстандық үш қыз бала мен бір жас бапкер (Дария Ахметқалиева, Аделия Бекқожина, Дария Ержан мен Сергей Есько) Испанияға барып, футболдың қыр-сырын меңгеретін болады.

«Делегация басшысы - ағылшын тілін білетін жас маман Ербол Мұсабаев. Бағдарлама ережелеріне сай, оған 12 жастағы спортшылар қатысуы керек. Жан-жақты талдау жұмыстарын жүргізе отырып, Испанияға біздің футбол орталығындағы үш қыз баланы жіберуді ұйғарып отырмыз. Іріктеу барынша ашық жүргізілді. Мадридте әлемнің түкпір-түкпірінен балалар жиналатындықтан, үш қыздың ағылшын тілін білуіне баса маңыз бердік», - дейді ол.

Айта кетерлігі, «Астана» футбол клубы мұндай халықаралық деңгейдегі ауқымды бағдарламаға тұңғыш рет қатысып отыр. Бағдарламаның финалдық кезеңі 28 мамыр мен 2 маусым аралығында өтеді. Футболдың қыр-сырын меңгерумен бірге Мадридке аттанған балалар Чемпиондар лигасының финалын тамашалау мүмкіндігіне ие болады.

Соңғы жаңалықтар