ФУТБОЛ: Қазақстанда Ұлттық студенттер лигасы құрылды

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де футболдан «Ұлттық студенттер лигасының» таныстырылымы өтті.

Шараға ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов, Қазақстан Футбол федерациясының вице-президенті Сейділдә Байшақов, Қазақстан футбол федерациясының бас менеджері Асқар Уранхаев, бірқатар ЖОО ректорлары қатысты.

Елімізде жаңадан қолға алынған жобаның қаржыландырылуы жайлы ҚазАқпарат тілшісіне ҚР Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов айтты.

«Ұйымдастыру жұмыстары министрлік тарапынан қаржыландырылатын болады. Ал, командаларды жабдықтауды ЖОО өздері қамтамасыз етеді. Қазылардың жұмысын, БАҚ арқылы жариялауды Қазақстан Футбол федерациясы өз мойнына алады. Сондай-ақ, ірі чемпионаттарды ұйымдастыруға әлеуметтік-жеке серіктестік негізінде ірі компаниялар демеушілік жасайды», - деді А.Сәрінжіпов.

Естеріңізде болса, 2014 жылғы мамырда ҚР БҒМ мен Қазақстан Футбол федерациясы арасында «Ұлттық студенттер лигасын» құру туралы меморандумға қол қойылған болатын. Ал, 14-15 мамырда өткен алғашқы жарыстар көпшіліктің қолдауына ие болған еді.

Келесі маусым алдағы күзде басталады. Алғашқы ойынға Астана және Алматы қалаларынан 8 оқу орнының командасы, 10 мыңнан астам студент қатысады. Биыл желтоқсанда өтетін финалдық ойындарды «Қазспорт» телеарнасы арқылы көрсету туралы келіссөздер жүргізіліп жатыр.

«Футбол - әлемдегі ең танымал спорт түрі. Жақында өткен Әлем чемпионатын жер бетіндегі халықтың жартысы тамашалады десек артық етпес. Қазақ жастарының да футболға қызығушылығы өте жоғары. Бұл бастаманы салауатты ұлтты қалыптастыратын үлкен жоба деп қабылдаймыз»,- деді ҚазҰУ ректоры Ғалымқайыр Мұтанов.

Аяқдоп турнирінде топ жарған жігіттер түрлі марапатқа ие болмақ.

Қазақстан Футбол федерациясының бас менеджері Асқар Уранхаевтың сөзіне қарағанда, мамырда өткен турнир бойынша Астана ЖОО-ларының үш студенті үздік деп танылып, олар Қазақстан құрамасымен бірге Будапешт қаласына достық кездесуге барып келген. «Қазақстан» телеарнасы арқылы ай сайынғы дайджест көрсетіліп тұрады. Үздік ойыншыларға сыйлық беру үшін ірі компаниялармен, соның ішінде Самсунг компаниясымен келісімдер жүргізілуде. Ұлттық құраманың арнайы фанклубы құрылмақ.

Соңғы жаңалықтар