Футбол: Қазақстан жастары сырт алаңда Израильді жеңді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін 21 жасқа дейінгі жастар арасында 2021 жылғы Еуропа чемпионатына іріктеу сатысында Қазақстан жастар құрамасы сырт алаңда Израильмен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі кездесуде қазақстандық жастар жеңіске жетуге бар күшін салды. Қарсыластар қақпасы маңында жиі шабуыл ұйымдастырды. Нәтижесінде 45-минутта Эльхан Астанов алаң иелері қақпасына гол соқты.

Екінші кезеңде израильдік футболшылар таразы басын теңестіруге ұмтылды. Ойынның 90-минутында алаң иелері қазақстандық құрамасы қақпасынан саңылау тапты. Арада көп өтпестен Оралхан Өміртаев жеңіс голының авторы атанды. Осылайша Қазақстан жастары сырт алаңда Израильді 2:1 есебімен тізе бүктірді.

Іріктеу сатысын қазақстандық футболшылар сәтті бастаған еді. Алдымен сырт алаңда Фарер аралдарын 3:1, Черногорияны 2:1 есебімен сүріндірді. Одан кейін өз алаңында Испаниядан 0:1, Израильден 1:2 есебімен жеңіліп қалды. Ал бесінші кездесуінде Солтүстік Македониямен 1:1 есебімен тең тарқасты. Ал алтыншы ойында өз алаңында Черногорияға 0:4 есебімен жеңілді. Сол жолы Израиль сырт алаңда Фарер аралдарына 1:3 есебімен есе жіберді.

Енді Қазақстан жастар құрамасы үш ойын өткізеді. Алдымен 8 қазанда өз алаңында Солтүстік Македониямен кездессе, 13 қазанда сырт алаңда Испаниямен жасыл алаңға шығады. Соңғы ойынында 17 қарашада Фарер аралдарын қабылдайды.

Естеріңізге сала кетелік, 21 жасқа дейінгі жастар құрамалары арасындағы Еуропа чемпионаты 2021 жылдың 9-26 маусым аралығында Венгрия және Словенияда өткізіледі. Онда барлығы 16 құрама бақ сынайды.


Соңғы жаңалықтар