Футбол: Қазақстан жастары Израильден жеңілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан 2021 жылғы Еуропа біріншілігіне іріктеу кезеңі шеңберінде жастар арасында кезекті ойындар өткізілді. Дүбірлі додада алтыншы топта сынға түсетін Қазақстан жастары бүгін елордада Израильді қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бүгінгі күнге дейін алтыншы топта қазақстандық футболшылар үш ойын өткізіп үлгерді. Алдымен сырт алаңда Фарер аралдарын 3:1 есебімен тізе бүктірсе, одан кейін Черногориядан 2:1 есебімен басым түсті. Ал 6 қыркүйекте өз алаңында Испания құрамасына 0:1 есебімен жол берді.

Қазіргі таңда Қазақстан турнир кестесінде үш ойыннан кейін көш басында тұр. Сондықтан ұпай қорын молайту жарыстың финалдық сатысына жолдама алу мүмкіндігін ұлғайта түседі.

Бүгінгі кездесуде израильдік футболшылар жылдам гол соғып кетті. Алдымен Израиль сапынан 2-минутта Эйлон Хаим есеп ашты. Ал 22-минутта таразы басы теңесті. Оны қазақстандық құрама сапынан Вячеслав Швырев орындады. Қарсыластарымыз ойынның 82-минутында тағы алға шықты. Бұл гол Томер Юсефидің еншісіне жазылды.

Айта кетейік, бүгін сондай-ақ, алтыншы топта Солтүстік Македония мен Фарер аралдары, Испания мен Черногория кездеседі.

Қазақстан құрамасы енді 15 қазанда сырт алаңда Солтүстік Македония жастарымен ойнайды.


Соңғы жаңалықтар