Футбол: Қазақстан жастар құрамасы Испаниядан жеңілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан 2021 жылғы Еуропа біріншілігіне іріктеу кезеңінде кезекті ойындар өткізілді. Дүбірлі додада алтыншы топта сынға түсетін Қазақстан жастары бүгін елордада Испанияны қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, іріктеу кезеңін қазақстандық жастар сәтті бастады. Бұдан сырт алаңда өткен екі кездесуде де жеңіске жетті. Алдымен Фарер аралдарын 3:1 есебімен тізе бүктірсе, одан кейін Черонгориядан 2:1 есебімен басым түсті.

Осылайша алтыншы топта турнир кестесінде көш басына шықты.

Бүгінгі қарсыласымыз - Испания жастары қазірге дейін ешқандай ойын өткізген жоқ. Қос құрама бұған дейін екі мәрте шеберлік байқасқан еді. Екеуінде де Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңінде жолыққан болатын. 2008 жылы 25 наурызда біздің жастар сырт алаңда олардан 0:5 есебімен ойсырай жеңілді. Ал сол жылдың 5 қыркүйегінде өз алаңымызда өткен қарымта кездесуде испан жастарына 1:2 есебімен жол берді.

Қазіргі таңда 21 жасқа дейінгі Қазақстан жастар құрамасына жергілікті маман Александр Москаленко жетекшілік жасайды. Оған Қайрат Нұрдәулетов көмекшілік етіп келеді.

Еліміздің жастары бүгінгі кездесуде де тәп-тәуір ойын өрнегін көрсетті. Алғашқы кезеңде қос құрама тарапынан да шабуылдар ұйымдастырылды. Осындай сәттердің бірінде қазақстандық қорғаушылар айып алаңында ойын тәртібін бұзды. Төреші белгілеген пенальтиді 28-минутта испан футболшысы Дани Ольмо шебер орындай білді.

Енді еліміздің құрамасы 10 қыркүйекте өз алаңында Израиль құрамасымен кездеседі. Сондай-ақ, бүгін біздің топта Черногория мен Фарер аралдары ойнайды.

Футболдан 21 жасқа дейінгі жастар құрамалары арасындағы Еуропа біріншілігінің финалдық кезеңі 2021 жылдың 13-27 маусымы аралығында Венгрия және Словения мемлекеттерінде өткізіледі. Оған барлығы 16 құрама қатыса алады. Венгрия мен Словения алаң қожайындары есебінде екі жолдамаға ие болып отыр. Ал тоғыз топта жеңімпаз атанған құрамалар жарыстың финалдық сатысына тікелей жолдама алса, тағы бір жолдама екінші орын алған құрамалар арасында үздігіне беріледі. Қалған сегіз жолдамаға екінші орын алған құрамалар сынға түседі.

Бүгін 2020 жылғы Еуропа біріншілігінде Қазақстан ұлттық құрамасы сырт алаңда Кипрмен кездеседі.


Соңғы жаңалықтар