Футбол: Қазақстан Ұлттар лигасының соңғы матчында Грузияға есе жіберді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат  - Футболдан Ұлттар лигасы D дивизионы бірінші тобының соңғы ойынында Қазақстан Грузиямен кездесті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Төртінші турдан кейін-ақ Грузия топ жеңімпазы болып үлгергендіктен, бұл матч ештеңені шешпейтін еді. Сондықтан Қазақстан құрамасының бас бапкері Станимир Стоилов бірқатар футболшыларға өз өнерлерін көрсетуіне мүмкіндік берді.

Тбилиси қаласында өткен кездесуде «Тобылдың» қақпашысы, 30 жасар Дмитрий Непогодов алғаш рет ел намысын қорғаса, тағы бір қостанайлық, жартылай қорғаушы Максим Федин де бірден алаңға шықты.

Бірінші таймда алаң иелері көбірек шабуылдағанымен, нағыз гол соғатын мүмкіндік қазақстандықтарда болды. Серікжан Мұжықов дәл пас беріп, Роман Муртазаев грузиялық қақпашы Георгий Лориямен бетпе-бет шыққанымен, айласын асыра алмады.

Екінші таймда грузиялықтар дегеніне жетті. Сол қанаттан құстай ұшқан бельгиялық «Гент» клубының жартылай қорғаушысы, 19 жасар Георги Чакветадзені Абзал Бейсебеков ұстай алмады. Чакветадзенің берген пасынан кейін Георгий Меребашбили баспен соққанда, доп Ғафуржан Сүйімбаевтың арқасына тиіп, қақпаға енді де кетті. Ал 83-минутта Г.Чакветадзенің өзі орта тұстан қақпа бұрышын дәл көздей білді - 2:0.

Г.Чакветадзе 6 қыркүйек күні Астанада өткен бірінші кездесуде де мергендік танытып, Ұлттар лигасындағы алғашқы голды соққан еді. Бұл жолы да ол үздік ойыншы екендігін таныта біліп, жеңіс голының авторы атанды.

С.Стоилов матч тағдыры шешілгеннен кейін ғана, 89-минутта  алаңға қарағандылық «Шахтердің» 20 жасар шабуылшысы Оралхан Өміртаевты шығарды. Бір-ақ минуттан кейін Оралхан айып алаңында кеудесімен допты қабылдап алып, дәл соққы жасай алды. Бұл оның Қазақстан ұлттық құрамасы үшін алғашқы голы еді.

Осылайша Грузия құрамасы 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Бірінші топта 16 ұпаймен Грузия құрамасы көш басына көтерілсе, қазақстандықтар алты ұпаймен екінші орынға ие болды. Андорра мен Латвия құрамалары 0:0 есебімен теңтарқасты. Бұл екеуінің ұпайлары (4) тең болғанымен, латвиялықтар үшінші, андорралықтар төртінші орынға тұрақтады.

Грузия құрамасы келесі Ұлттар лигасында С дивизионында ойнайды. Сөйтіп олар 2020 жылы өтетін Еуропа чемпионатына берілетін жолдама үшін күресті жалғастырады. 
Еске салайық, біздің құрама Д лигасының бірінші тобында Грузия, Латвия және Андорра құрамаларымен бәсекеге түсті. ҚР ұлттық құрамасы  алғашқы турда өз алаңында Грузиядан 0:2 есебімен жеңілсе, одан кейін алдымен Андорра, сосын Латвиямен 1:1 есебімен тең нәтиже тіркелді. Ал төртінші турда елордада Андорраны 4:0 есебімен жеңгенімен, бесінші турда өз алаңында Латвиямен тағы да 1:1 есебімен тең түсті.

Соңғы жаңалықтар