Футбол: Қазақстан құрамасы Шотландияны ірі есеппен жеңді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан құрамасы 2020 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңін жеңіспен бастады. Олар бүгін өз алаңында Шотландиядан 3:0 есебімен басым түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Естеріңізге сала кетелік, бүгін 2020 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңіндегі I тобындағы алғашқы тур ойындары басталды. Алғашқы турда біздің жігіттер Шотландияны құрамасын қабылдады. Айта кетерлігі, Шотландия біздің құраманың жалпы бүгінге дейін кездескен алпыс алтыншы, Еуропадағы отыз жетінші қарсыласы болып отыр.

Жанкүйерлер Шотландия құрамасы жайында жақсы біледі. Бұрынғы жылдарда олар әлемдік додаларда жиі бой көрсетіп жататын. Алайда соңғы кезеңде аталмыш құрама әлем және құрлық чемпионаты финалдық кезеңіне шыға алмай келеді. Айталық, олар әлем чемпионатында 2002 жылдан бері бақ сынаудан шет қалып жүрсе, Еуропа үздіктерінің қатарында 2000 жылдан бастап бой көрсеткен жоқ. Дегенмен іріктеу кезеңдерінде өз тобында жолдамаға қол созымда қалып қойып жүрді.

Алғашқы минуттан біздің құрама сапында Дмитрий Непогодов, Ғафуржан Сүйімбаев, Темірлан Ерланов, Сергей Малый, Евгений Постников, Ян Вороговский, Исламбек Қуат, Александр Меркель, Юрий Перцух, Бактиёр Зайнутдинов және Роман Муртазаев шықты. Ал Шотландия құрамында Скотт Бейн, Лиам Палмер, Грэм Шинни, Скотт Маккена, Дэвид Бейтс, Каллум Макгрегор, Джон Макгинн, Джеймс Форрест, Стюарт Армстронг, Оливер Берк, Оливер Макберни болды.

Ойын басында Шотландия құрамасы шабуылға көбірек шығуға көңіл бөлді. Дегенмен біздің жігіттер де қарымта шабуыл ұйымдастыруға назар аударды. Осылайша олар алғашқы минуттарда қарсыластар қақпасынан саңылау тауып кетті. I тобындағы алғашқы голды біздің жігіттер соқты. Ойынның 6-минутында Голландияның «Хераклес» командасында ойнайтын Александр Меркель әріптесі Юрий Перцухқа әдемі пас шығарып берді. Мұндай мүмкіндікті Юрий құр жіберсін бе? Есеп ашылды. Арада төрт минут өткенде біздің жігіттер есепті үстемелей түсті. Бұл жолы құрама капитаны Исламбек Қуат жеке шеберлігінің арқасында Ян Вороговскийге гол соғатын мүмкіндік жасады. Қарсыластар қақпасына тағы бір гол соғылды. Есеп 2:0. Қазақстан құрамасы басымдығын арттыра түсті. Бұдан кейін Исламбек Қуаттың алыстан тепкен добын шотланд қақпашысы Скотт Бейн сыртқа әрең шығарды. Бірінші кезеңде қос құрамада да бұдан басқа есепті өзгертетін сәттер болған еді. Дегенмен таблодағы есеп өзгере қойған жоқ.

Екінші кезеңде қарсылас құрама өздерінің бекер келмегенін аңғартып, біздің қақпаға шабуылға шығуға көңіл бөлді. Дегенмен ойлағанын жүзеге асыра алған жоқ. Есесіне біздің жігіттер тағы бір гол соғып кетті. Ғафуржан Сүйімбаевтың сол қанаттан әуелете берген добын бүгінде Ресейдің «Ростов» командасында ойнап жүрген Бактиёр Зайнутдинов баспен қақпаның оң жағына бағыттады. Оған Скотт Бейн тосқауыл қоя алған жоқ. Есеп 3:0. Қазақстан құрамасы осылайша өз жанкүйерлеріне Ұлыстың Үлы күні - Наурыз мерекесіне толайым тарту жасады.

Біздің құрама енді 24 наурызда Ресей құрамасын қабылдайды. Дәл осы күні аталмыш топта Кипр мен Бельгия, Сан-Марино мен Шотландия құрамалары кездеседі.

Қазақстан соңғы рет өз алаңында 2018 жылдың 16 қазанында Андорра құрамасын 4:0 еесбімен жеңген еді. Бұл Ұлттар лигасының іріктеу кезеңі болатын.

Бүгін I тобында тағы екі ойын болады. Атап айтқанда, Кипр мен Сан Марино, Бельгия мен Ресей құрамалары кездеседі. Ойындар елорда уақытымен 00.45-те басталады.

Соңғы жаңалықтар