Футбол: Қазақстан құрамасы Ресейден ойсырай жеңілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - 2020 жылы өтетін Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында кездесу өткізген Қазақстан мен Ресей құрамаларының ойыны аяқталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Еске сала кетсек, елорданың Астана-аренасында өтіп жатқан кездесудің алғашқы таймы қонақтардың 0:2 есебімен аяқталған болатын. Қос голды Ресей құрамасының сапынан Денис Черышев соққан еді.

Екінші тайм Астана-Аренаға жиналған жанкүйерлерді қуанта алған жоқ. Жалпы, кездесу толықтай ресейліктердің басымдығымен өтті. Екінші таймда Ресей құрамасының капитаны Артем Дзюба 51-минутта гол соғып, есепті 0:3-ке жеткізген еді. Араға 10 минут салып, қазақстандық футболшы Абзал Бейсебековтің автоголы ресейліктердің жеңісін шегелей түсті.

Қазақстан құрамасы ойсырай жеңіліп жатса да, стадиондағы жанкүйерлердің жанкештілігін ерекше атап өту керек. Ұлттық құрама ұтылып жатқанына қарамастан олар «Қазақстан» деп айғайлаумен болды. Футболшыларымыз қанша тырысқанымен, ойын соңына дейін гол сала алмай-ақ қойды. Есеп - 0:4.

Айта кетсек, 2020 жылғы Еуропа чемпионаты іріктеу кезеңінің екінші тур ойынының финалдық кезеңіне 24 құрама жолдама алады. Қазақстан мен Ресей құрамалары I тобында сынға түседі. Қарсыластары - Бельгия, Шотландия, Кипр және Сан Марино. Екі құрама да 21 наурызда алғашқы тур ойындарын өткізіп үлгерді. Қазақстан өз алаңында Шотландияны 3:0 есебімен ойсырата жеңді. Ресей сырт алаңда Бельгияға 1:3 есебімен жол берген.

Қос құрама бұған дейін екі мәрте жолдастық кездесу өткізді. Алғашқы ойын 2008 жылдың 23 мамырында болды. Бұл жолы Ресей сапынан Павел Погребняк, Владимир Быстров, Константин Зырянов, Динияр Билялетдинов, Дмитрий Торбинский және Дмитрий Сычев гол соқты. Қазір аталмыш құрамадан Юрий Жирков қана бар. Келесі кездесу 2015 жылдың 31 мамырында ойналды. Ресей астанасы - Мәскеу қаласында болған кездесуде есеп ашылған жоқ.

Еске сала кетейік, аталмыш ойынды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев, Премьер-министр Асқар Мамин, Президенті Әкімшілігінің басшысы Бақытжан Сағынтаев тамашалап отыр.

Соңғы жаңалықтар