Футбол: Қазақстан құрамасы Молдованы жеңе ала ма

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Қазақстан құрамасы Түркияда оқу-жаттығу жиыны барысында Молдовамен жолдастық кездесу өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Соңғы жылдарда Молдова әлемдегі әлсіз құрамалар қатарында саналады. Қаңтар айындағы ФИФА рейтингінде аталмыш құрама 170-орында тұр. Айта кетерлігі, олар 2008 жылы аталмыш рейтингте 37-орынға дейін көтерілген болатын. Ал Қазақстан құрамасы қазір ФИФА рейтингінде 117-орынға жайғасқан. Біздің құрама 2016 жылы бүгінге дейінгі ең жоғары көрсеткіші саналатын 83-орында болған еді.

Қос құрама бұған дейін 4 мәрте шеберлік байқасты. Олардың барлығы - жолдастық кездесу санатында. Бір қызығы, екі құрама бүгінгі күнге дейін бірде-бір мәрте ресми кездесу өткізіп көрмеген.

Ойындардың барлығы Түркияның Анталия қаласында өткізілді. 2008 жылдың 6 ақпанында Молдова футболшылары біздің құраманы 1:0 есебімен жеңді. Кездесу тағдырын молдовалық Игорь Бугаев 13-минутта соққан жалғыз гол шешті. Ал 2010 жылдың 3 наурызында біздің футболшылар олардан дәл осы есеппен тағы жеңіліп қалды.

Бұл жолы бүгінгі қарсыласымыз сапынан Александр Епуряну мергендік танытты. 2013 жылдың 6 ақпанында өткен кездесуде Қазақстан құрамасы аталмыш қарсыласын 3:1 есебімен тізе бүктірді. Бұл жолы біздің құрама сапынан Виктор Дмитриенко 33- минутта есеп ашса, 59-минутта Бауыржан Жолшиев есепті үстемелей түсті. Ал 86-минутта Анатолий Дорош бір гол соғып кетті. Кездесу нүктесін 90-минутта Бауыржан Жолшиев қойды. Ал 2015 жылдың 18 ақпанында болған ойын 1:1 есебімен тең аяқталды. Аталмыш кездесуде біздің құрамадан 48-минутта Алекей Щеткин, Молдовадан 54-минутта Александр Гацкан гол соқты.

Биыл Қазақстан құрамасына жаңа бапкер келді. Бұл қызметке чех маманы Михал Билек тағайындалды.

Ол бүгінгі ойында негізінен жастарға сенім артуды жоспарлап отыр.

Бұл ойын футболдан 2020 жылғы Еуропа біріншілігінің іріктеу кезеңі алдындағы ұлттық құраманың дайындығы болып табылады. Естеріңізге сала кетелік, біздің құрама I тобында Бельгия, Ресей, Шотландия, Кипр, Сан-Мариномен сынға түседі.

Қазақстан футболшылары іріктеу кезеңіндегі алғашқы ойынында 21 наурызда Шотландия құрамасын қабылдайды. Одан кейін 24 наурызда Астанада Ресей құрамасымен шеберлік байқасады.

Ал Молдова құрамасы H тобында бақ сынайды. Қарсыластары - Франция, Исландия, Түркия, Албания, Андорра құрамалары. Молдова құрамалары алғашқы ойынында 22 наурызда Францияны қабылдаса, 25 наурызда сырт алаңда Түркиямен жасыл алаңға шығады.
Қазақстан мен Молдова құрамалары арасындағы кездесу Астана уақытымен 20.00-де басталады.

Соңғы жаңалықтар