Футбол: Қазақстан құрамасы Черногориямен жолдастық кездесу өткізеді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан құрамасы қараша айында Черногориямен жолдастық кездесу өткізеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жөнінде Черногория футбол одағы мәлім етті. Кездесу 11 қарашада сол елдің астанасы - Подгорице қаласында өткізіледі.

Естеріңізге сала кетелік, Қазақстан құрамасы қыркүйек-қараша айларында Ұлттар лигасы ойындарына қатысады. С лигасы төртінші тобында Албания, Беларусь және Литвамен шеберлік байқасады. Ал Черногория аталған лиганың бірінші тобында Кипр, Люксембург және Әзербайжанмен ойнайды.

Қазақстан аталған қарсыласымен бұдан бұрын үш мәрте кездесті. 2008 жылдың 27 мамырында Подгорицеде өткен жолдастық кездесуде қазақстандық құрама қарсыласынан 0:3 есебімен жеңіліп қалды. Одан кейін екі құраманың жолы 2018 жылғы әлем чемпионатына іріктеу кезеңінде Е тобында түйісті. Алдымен 2016 жылдың 8 қазанында Подгорицеде 0:5 есебімен есе жіберген қазақстандық құрама 2017 жылдың 1 қыркүйегінде елордада оларға 0:3 есебімен есе жіберді.

Бұдан бұрын Ұлттар лигасы 2020/21 жылғы кезеңінің ойын күнтізбесі жарияланған болатын.


Соңғы жаңалықтар