Футбол: «Қайсардың» құрамына португалдық ойыншы қосылды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылорданың «Қайсары» құрамына португалдық Карлос Мигель қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Карлос Мигель 1993 жылдың 9 наурызында Португалияның Алмада қаласында дүниеге келген. Португалдық жартылай қорғаушы жанкүйерлер арасында Карлитос лақап есімімен де белгілі. Ол 2003-2007 жылдарда сол елдің астанасы - Лиссабон қаласының «Бенфика», 2007-2012 жылдарда «Эшторил» командаларының жасөспірімдер және жастар құрамында ойын көрсетті. Кәсіби футболдағы алғашқы қадамын 2012 жылы сол елдің төменгі лигасында ойнайтын «Синтренсе» клубында бастаған. Ал одан кейін Кипрде 2013-2016 жылдарда «Докса», 2014-2015 жылдарда АЕЛ, 2016 жылы АПОЭЛ, 2016-2018 жылдарда «Анортисис» командаларында ойнады, Ал 2018 жылдан Польшаның Висла (Плоцк) клубының намысын қорғады. Карлос Мигель (Карлитос) өзінің футболшылық мансабында 176 ойында 20 гол салған.

«Қайсар» оқу-жаттығу жиындары барысында жартылай қорғаушы Марат Хайруллин, қорғаушы Иван Садовничий келісім-шартқа отырды. Сондай-ақ, былтырғы жылы ойын көрсеткен 15 футболшымен келісімшарт мерзімін ұзартты. Одан кейін команда құрамына хорватиялық қорғаушы Марин Оршулич қосылды. Аруба құрамасының жартылай қорғаушысы Джон Джошуа биыл «Қайсар» құрамын толықтырды. Ал 22 қаңтарда «Қайсар» конголық Куле Мбомбомен, 24 қаңтарда армениялық Тигран Барсегянмен келісімшартқа отырды.

«Қайсар» Түркиядағы оқу-жаттығу барысында бірнеше жолдастық кездесу өткізді. Олар 18 ақпанда Грузияның «Сабуртало» командасымен тең түскен еді.

Енді «Қайсар» 21 ақпанда оқу-жаттығу жиынында Түрікменстанның «Алтын асыр» командасымен шеберлік байқасады. Ал одан кейін елге оралады.

Соңғы жаңалықтар