Футбол: «Қайсар» клубына бас бапкер тағайындалды

None
None
ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Қызылордалық «Қайсар» футбол клубының бас бапкер тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдағы жылы аталған қызметті жергілікті маман Сұлтан Әбілдаев атқаратын болды.

С. Әбілдаев 1970 жылы 21 наурызда Қызылорда қаласында дүниеге келген. Кәсіби футболшылық өмірінде алаңда жартылай қорғаушы қызметін атқарып, мансабының басым бөлігін «Қайсар» футбол кубында өткізген. Еліміздің ұлттық құрамасы сапында көптеген ойындарда жасыл алаңғы шықты. 2005 жылдан бері бапкерлік қызметке ауысып, алдымен футбол орталығында шәкірт тәрбиелеумен айналысты. 2009 жылы «Қайсар» командасында түрлі қызметтерде болды. 2016 жылы «Қайсар» футбол клубына бас бапкер қызметіне тағайындалып, команданы бірінші лигадан премьер-лигаға шығарды. Сол жылы бірінші лигада ең үздік бапкер атағына ие болды.

«Біз жергілікті футболшылардың кәсіби деңгейін көтеруді мақсат етіп отырмыз. Облыстық футбол федерациясымен ақылдасып, аймақ басшысына ұсыныс жасалды. Команда директоры Серік Досманбетовтің келісім-шартын тағы бір жылға ұзарттық. Ал команданы жергілікті маман Сұлтан Әбілдаев жаттықтарады. Оған үлкен сенім артып отырмыз. Оның үстіне ол барлық сатыдан өткен. Жергілікті жас ойыншылардың деңгейін жақсы біледі. Ұлттық, жастар құрамаларында ел намысын қорғап жүрген Асхат Тағыберген, Думан Нәрзілдаев, Елжас Сарыбай, Аян Құлмағанбетов, Бекзат Құрманбекұлы секілді ойыншылар бар», - деді облыс әкімінің орынбасары.

Команданың алдағы жылдағы бюджеті 1 млрд 400 млн теңгені құрайды. Облыста балалар мен жасөспірімдер футболын дамыту ісі де жалғасын табады.

Бұдан бұрын 2016-2020 жылдарда «Қайсарда» бас бапкер қызметін болгариялық маман Стойчо Младенов атқарған болатын.


Соңғы жаңалықтар