Футбол: «Қайрат» - Қазақстан кубогының иегері
2021 жылғы 28 қараша 23:39

Футбол: «Қайрат» - Қазақстан кубогының иегері

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бүгін футболдан Қазақстан кубогының биылғы иегері анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Финалда Алматының «Қайрат» және Қарағандының «Шахтер» командалары кездесті.

Кездесу барысында қос клуб тартысты ойын өрнегін көрсетті. Алғашқы кезеңде алматылық ұжымның басымдығы байқалып тұрды. Ойынның 6-минутында Вагнер Лав «Қайратты» алға шығарса, ол 40-минутта есепті үстемелей түсті.

Екінші кезеңде қарағандылық клуб ойыншылары алға қарай ұмтылды. Олардың қатарынан Михаил Габышев 48-минутта мергендік танытса, 74-минутта Мартин Тошев таразы басын теңестірді.

Негізгі кезең 2:2 есебімен тең аяқталып, ойын овертаймға ұласты. Овертаймда қарағандылық клубтан 97-минутта Айдос Тәттібаев пенальтиден мүлт кеткен жоқ. Ал 110-минутта алматылық Артур Шушеначев есепті теңестірді. Осылайша жеңімпаз пенальти сериясы арқылы анықталатын болды. Бұл жолы «Қайратқа» сәттілік серік болды.

Айта кетейік, жартылай финалда «Қайрат» «Астананы» сүріндірсе, «Шахтер» «Тобылдың» осал тұсын тапты.

Қазақстан кубогы 1992 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінге дейін аталған кубокты «Қайрат» 9 мәрте төбесіне көтерсе, «Шахтер» 1 мәрте жеңімпаз атанды.


Фото: sports.kz


Jańalyqtar

MURAǴAT