Футбол: «Каспий» мен «Ақжайық» тең ойнады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионатының 25-турында Ақтаудың «Каспийі» Оралдың «Ақжайығын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл кездесуде оралдықтарды жаттықтыратын украиналық маман Владимир Мазяр бірқатар өзгеріс жасады. Соның ішінде қақпа кілтін ресейлік Степан Сикач ұстады.

Бірінші таймда алаң иелері өз басымдылықтарын көрсете білді. Алдымен 15-минутта белоруссиялық Алексей Залеский айып добын дәл орындады. Содан кейін 30-минутта ол 11 метрлік пенальтиден де мүлт кеткен жоқ – 2:0.

Есесіне екінші таймда қонақтар сәтті ойнады. 46-минутта украиналық Алексей Чичиков есепті қысқартты. 67-минутта ресейлік Михаил Гащенков таразы басын теңестіріп кетті – 2:2.

М.Гащенков өткен ойында да мергендігімен көзге түскен болатын.

Бұл турдан кейін 32 ұпай жинаған «Ақжайық» 7-орынға жайғасса, «Каспий» 9-сатыда қалды.

Ел чемпионатының соңғы турында 30 қазан күні «Ақжайық» өз алаңында Қостанайдың «Тобылын» қабылдайды. Бұл, әсіресе, қостанайлықтар үшін шешуші кездесу болмақ. Онда «Тобыл» ұтса не тең ойнаса, Қазақстан чемпионы атанады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайық» пен «Тұранның» тең тарқасқанын жазған болатынбыз.

Суреттер: Айбатыр НҰРАШ


Соңғы жаңалықтар