Футбол: Францияның ПСЖ командасы чемпион болып танылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Францияның ПСЖ командасы футболдан өз елінің бірінші лигасының чемпионы ретінде танылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі лиганың сайтына сілтеме жасап.

Бұл елдегі доп додасындағы 28-тур ойындары 8 наурыз күні өтті. Біріншілікті толық аяқтау үшін клубтар тағы он ойын өткізуі тиіс болатын. Коронавирус пандемиясына байланысты лига басшылығы ойындарды кейінге шегеруге шешім қабылдады. Дегенмен, мамандардың ортақ ұйғарымымен 2019/2020 жылғы кезеңді ерте аяқтау туралы нақты шешім шықты.

Нәтижесінде ПСЖ чемпион атағына қол жеткізсе, «Олимпик» (Марсель) және «Ренн» командалары үздік үштіктен көрінді. Бұл командалар UEFA Чемпиондар лигасында бақ сынайды. Ал одан кейінгі орындардағы «Лилль», «Реймс» және «Ницца» UEFA Еуропа лигасында ел намысын қорғайды.

Соңғы екі орындағы «Амьен» және «Тулуза» енді екінші лигаға түсіп қалса, олардың орнын екінші лигада алғашқы екі орынға ие болған «Лорьян» және «Ланс» басты.

Бұдан бұрын футболдан Нидерланды біріншілігі де ерте аяқталды. Бұл елде ешқандай команда жеңімпаз атағына ие болған жоқ. Еурокубокқа қатысатын клубтар турнир кестесіндегі орналасу жағдайына байланысты анықталды.

Естеріңізге сала кетелік, футболдан Қазақстан біріншілігі екі турдан кейін коронавирус пандемиясына байланысты кейінге шегерілген болатын. Қазақстан футбол федерациясы біріншілік маусым айында қайта жалғасуы мүмкін екенін хабарлады.


Соңғы жаңалықтар