Футбол: «Ертіс» Шымкентте «Қыранды» ірі есеппен жеңді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Шымкент қаласында жергілікті «Қыран» мен Павлодардың «Ертіс» командалары арасындағы кездесу аяқталды. Бұл - футболдан Премьер-лигада оныншы орын алған және бірінші топта үшінші орын алған командалар арасындағы плей-офф кезеңінің алғашқы ойыны, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ертіс» клубы биыл сәтсіз ойын көрсетті. Ел біріншілігінде бес мәрте чемпиондық атаққа қол жеткізген павлодарлық ұжымға соңғы турға дейін бірінші топқа түсіп қалу қаупі туындап тұрды. Соңғы турда «Ертіс» елордада «Астанадан» 0:4 есебімен ойсырай жеңілді. Соған қарамастан оныншы орынды сақтап қалды.

Бұрынғы жылдарда команда мұндай төменгі нәтиже көрсеткен емес. Айта кетелгілі, «Ертіс» ел біріншілігінде бірде-бір мәрте бірінші топқа түсіп көрген жоқ. Биыл да солай болатын секілді.

Сырт алаңда ойнағанына қарамастан «Ертіс»  сенімді ойын көрсете білді. Алғашқы кезеңнің өзінде алаң иелері қақпасына жауапсыз екі гол соғып үлгерді. Алдымен 8-минутта Антонио Родриго есеп ашса, 41-минутта Кирилл Шестаков есепті үстемелей түсті.

Ал екінші кезеңнің 48-минутында «Қыран» ойыншысы Әділ Пазылхан өз қақпасына гол соғып алуға мәжбүр болды.

Қарымта ойын 20 қарашада Павлодар қаласында өтеді. Екі ойын нәтижесі бойынша жеңімпаз болған команда келер жылы Премьер-лигада сынға түсуге мүмкіндік алады.

Естеріңізге сала кетелік, биыл бірінші лигадан Премьер-лигаға Көкшетаудың «Оқжетпесі» мен Тараздың «Тараз» коандалары жолдама алды.

Соңғы жаңалықтар