Футбол: Еркебұлан Сейдахмет «Уфадан» «Қайратқа» ауысты

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Қайрат» футбол клубы шабуылшы Еркебұлан Сейдахметпен келісімшартқа қол қойды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қайрат» футбол клубынан алынған мәліметке қарағанда, Тараздың түлегі осылайша Ресейден Қазақстанға қайтып оралды.

Еркебұлан Сейдахмет футболшы ретіндегі жолын 2017 жылы «Тараздың» құрамында бастады. 1 сәуір күні «Тобылмен» сырт алаңдағы матчта алғаш рет ойынға қосылды. Сол жылғы маусымда барлығы 15 кездесу өткізіп, павлодарлық «Ертістің» қақпасына бір гол соқты.

«Қазақ Мессиі» атанған Е.Сейдахмет 2018 жылдың ақпанында Ресейдің премьер-лигасында өнер көрсететін «Уфамен» келісімшартқа қол қойды. Наурызда «Анжи» клубымен өткен матчта алғаш рет алаңға шықты. Ол Ресей премьер-лигасында өнер көрсеткен 2000 жылғы бірінші ойыншы болды.

Бір жылдан кейін, биылғы ақпанда Еркебұлан жалгерлік келісім негізінде болгариялық «Левски» клубына ауысты. Мұнда 15 наурыз күні бастапқы кездесуін өткізді. Кейін «Левски» құрамында Болгария чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Еркебұлан Сейдахмет - Қазақстан құрамасы үшін гол соққан ең жас ойыншы. Венгриямен өткен жолдастық кездесуде голдың авторы атанған ол сол күні 18 жас, бір ай, 19 күнге толған еді.

«Қайрат» футбол клубымен келісімшарт үш жылға есептелген. Тағы екі жылға созу мүмкіндігі қарастырылған. «Қайрат» құрамында Е.Сейдахмет 10-ыншы нөмірмен алаңға шығады.

Еркебұланның өзі «Қайраттың» құрамында ойнау бала кезден бергі арманы екендігін, енді мықты футболшылардың біріне айналу үшін барын салатындығын жеткізді.

Transfermarkt.com деректеріне қарағанда, «Қайрат» Еркебұлан үшін «Уфаға» 300 мың еуро төлейді. Бұл Е.Сейдахмет үшін рекордтық трансферлік баға болып есептеледі. «Уфаға» ол еркін агент ретінде ауысқан болатын.

Соңғы жаңалықтар