Футбол: Бұрын Бельгия Бразилияны 5:1 есебімен жеңген

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін Ресейдегі 2018 жылғы Әлем чемпионаты ширек финал ойындарына старт беріледі. Бразилия-Бельгия матчы осы чемпионаттың ең қызықты кездесулерінің бірі болмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оған бірнеше себеп бар. Ең алдымен, екі құрама ойыншыларының көпшілігі бір клуб сапында өнер көрсететіні назар аудартады. Испанияның «Барселона» командасында ойнайтын Коутиньо, Паулиньо (Бразилия) - Вермален (Бельгия); Англияның «Челси» командасы сапындағы Виллиан - Куртуа, Азар, Батшуайи; «Ливерпуль» (Англия) мүшелері Фирмино - Миньоле; Англияның тағы бір командасы «Манчестер Сити» құрамындағы Габриэль Жесус, Фернандиньо, Эдерсон - де Брейне, Компани; Францияның «ПСЖ» командасында жүрген Неймар, Тиаго Силва, Маркиньос - Менье секілді футболшылар бір-бірін өте жақсы біледі.

Осы ойынның теориядағы фавориті ретінде көрсетілетін Бразилияда құрам жағынан бәрі ойдағыдай. Кеше ойын алдындағы баспасөз мәслихатында бас бапкер Тите қорғаушы Марсело мен жартылай қорғаушы Дуглас Костаның негізгі құрам сапында алаңға шыға алатынын мәлімдеді.

Бүгінгі Бразилия жұлдызды футболшылары жағынан да, ойыншылардың дене дайындығы жағынан да осы чемпионатта көптеген құраманы басып озады. Мәселен, Филиппе Коутиньо командадағы ең көп жүгірген футболшы атанып отыр. Ол өткен төрт ойында 41,4 километр жүгірген. Ал бас жұлдыз Неймар төрт ойында қарсыластар қақпасына 12 соққы бағыттап, чемпионаттағы ең үздік нәтижені көрсетіп отыр. Сол он екінің екеуі голға айналған.

Бірақ команда ретінде Бельгияның нәтижелері мейлінше көз тартады. «Қызыл сойқандар» соңғы рет сонау 2016 жылдың қыркүйегінде Испаниядан жеңілген. Содан бергі 23 ойында жеңілмей келеді, ал Әлем чемпионатының соңғы төрт ойынында жеңіске жеткен. Турнирдегі 12 голы олардың ең үздік көрсеткіш болып отыр.

Бұдан тыс, Бельгия қарсыластар қақпасына қарай 77 рет тепкен, сол соққылардың 30-ы қақпаға тура барған. Бұл жағынан да Роберто Мартинес шәкірттері алдына жан салмай келеді.

Тағы бір қызық жайт, Бразилия құрамасының әлем чемпионаттарындағы соңғы алты жеңілісі Еуропа өкілдерінің үлесіне тура келеді. 2014 жылы Германия мен Голландиядан, 2010 жылы Голландиядан, 2006 жылы Франциядан, 1998 жылы Франциядан, тіпті Норвегиядан ұтылып қалған.

Бельгиялықтарды әлем чемпионаттарының плей-офф кезеңінде жарыстан шығарып жібергендер де - Оңтүстік Америка құрамалары, соның ішінде Бразилия бар. Оларды төрт жыл бұрынғы ширек финалда Аргентина ұтқан, ал 2002 жылы 1/8 финалда Бразилия 2:0 есебімен тізе бүктірген.

Яғни, бүгінгі ойында командалардың біреуінің сериясы бұзылатыны анық.

Тарих демекші, бұған дейін екі құрама төрт мәрте - үш рет жолдастық матчында, бір рет Әлем чемпионатында кездескен. 1963 жылы өткен алғашқы ойында бельгиялықтар Бразилияны 5:1 есебімен талқандаған. Бірақ араға екі жыл салып, Рио-де-Жанейрода Бразилия есе қайтарды. 5:0 есебімен аяқталған ойында футбол королі Пеле карьерасындағы соңғы жетінші хет-тригін тойлаған болатын. 1990 жылғы жолдастық кездесуде де Бельгия өз алаңында 1:2 есебімен жеңіліске ұшырады. Ал Оңтүстік Корея және Жапония жасыл алаңдарында өткен Әлем чемпионатында болашақ пентакампеондар Ривалдо мен Роналдо гол соғып, жеңісті жұлып әкеткен.

Жалпы, командалар бүгінгі мачта барын салмаса келесі кезеңге өтпейтінін жақсы түсінеді. Ойын Қазан қаласындағы «Қазан Арена» стадионында болады. Оны Қазақстанның екі бірдей телеарнасы - Qazsport және Qazaqstan 00:00-ден бастап тікелей эфирден көрсетеді.

Соңғы жаңалықтар