Футбол: Бірқатар еурокубок ойындарының өтетін орны өзгерді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Футболдан UEFA аясындағы Чемпиондар лигасы мен Еуропа лигасы 1/8 финалындағы бірқатар ойындар өтетін орны өзгерді. Бұл коронавирус инфекциясына байланысты кейбір мемлекеттерде қалыптасқан жағдайға орай қолға алынып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі UEFA сайтына сілтеме жасап.

Чемпиондар лигасындағы «Атлетико Мадрид» (Испания) пен Англияның «Челси» командалары арасындағы 23 ақпандағы кездесу Румыния астанасы - Бухарест қаласындағы «Арена Националэ» стадионында өткізіледі.

Ал 16 ақпандағы «РБ Лейпциг» (Германия) және «Ливерпуль» (Англия), 24 ақпандағы «Боруссия» (Менхенгладбах, Германия) және «Манчестер Сити» (Англия) ойындары Венгрия астанасы - Будапешт қаласындағы «Пушкаш Арена» стадионында болады.

18 ақпандағы «Мольде» (Норвегия) мен «Хоффенхайм» (Германия), «Реал Сосьедад» (Испания) және «Манчестер Юнайтед» (Англия), «Бенфика» (Португалия) мен «Арсенал» (Англия), «Вольфсберг» (Австрия) және «Тоттенхэм Хотспурс» (Англия) арасындағы матчтарда да осындай жағдай. Сондай-ақ, 24 ақпандағы «Арсенал» (Англия) және «Бенфика» (Португалия) кездесуі өтетін орын да өзгереді.

Аталған командалар намысын қорғайтын мемлекеттер арасында коронавирус инфекциясына байланысты әуе қатынасы тоқтатылған. Қазір Еуропаның кейбір елдерінде қатерлі індетке байланысты сақтық шаралары күшейтілді.

Айта кетейік, бұдан бұрын футболдан клубтар арасындағы әлем чемпионатында «Бавария» жеңімпаз атанған болатын.



Соңғы жаңалықтар