Футбол: Біріншіліктің алғашқы үш ойыны көп гол соғылуымен ерекшеленді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін елімізде футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігі жалауын көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алғашқы турдың бірінші күнгі үш ойыны көп гол соғылуымен ерекшеленді. Небәрі үш кездесуде 12 гол соғылды.

Талдықорған қаласында жергілікті «Жетісу» Көкшетаудың «Оқжетпес» командасын ірі есеппен жеңді. Бірінші кезеңнің 30-минутына дейін алаң иелері үш гол соғып үлгерді. Алғашқы гол Абылайхан Махамбетовтің еншісіне жазылып, ол 9-минутта біріншіліктің тұңғыш гол иесі атанды. Ал 23-минутта Никита Наумов мергендік көрсетті. Ал 30-минутта «Жетісу» шабуылшысы Елжас Алтынбеков қарсыластар қақпасынан саңылау тапты. Оңан 55-минутта «Оқжетпес» қатарынан Жасұлан Молдақараев бір голмен жауап қайырған еді. Десе де алаң иелері қатарынан Ненад Адамович 79, Айбар Жақсылық 86-минутта екі гол соқты. Осылайша ойында «Жетісу» «Оқжетпестен» 5:1 есебімен басым түсті.

Дәл осы уақытта тағы бір кездесу Шымкентте жергілікті «Ордабасы» мен Қарағандының «Шахтер» командалары арасында өрбіді. Аталмыш кездесуде гол екінші кезеңнің соңғы жиырма минутында соғылды. «Ордабасы» қатарына биыл қосылған бразилиялық шабуылшы Жуан Пауло да Силва 71 мен 83-минуттарда қанжығасын майласа, Оңтүстік Африка Республикасы елінен келген Май Махлангу 79-минутта қарсыластар қақпасын дәл көздеді. Осылайша «Ордабасы» 3:0 есебімен жеңіске жетті.

Қостанайда «Тобыл» өз алаңында Павлодардың «Ертісін» қабылдады. Бұл ойын да көп гол соғылуымен ерекшеленді. Бірінші кезеңнің 15 және 35-минуттарында Азат Нұрғалиев екі гол соқса, екінші кезеңнің 80-минутында қостанайлық шабуылшы Бауыржан Тұрысбек есепті ұлғайта түсті. Есеп 3:0. «Тобыл» жеңіске жетті.

Алғашқы турдың қалған үш кездесу 10 наурыз күні өткізіледі. Бұл күні «Қайрат» пен «Тараз», «Қайсар» мен «Атырау», «Астана» мен «Ақтөбе» командалары кездеседі.

Соңғы жаңалықтар