Футбол: бірінші лига көшбасшылары арасындағы тартыс шиеленісе түсті

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан бірінші лиганың кезекті турынан кейін көшбасшы командалар арасындағы тартыс шиеленісе түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Осыған дейін көш бастап келе жатқан Петропавлдың «Қызылжары» өз алаңында Шығыс Қазақстанның «Алтайымен» тең ойнады - 0:0.

Екінші орындағы «Каспийдің» (Ақтау) «Қызылжарды» қуып жетуге мүмкіндігі бар еді. Алайда олар сырт алаңда күтпеген жерден «Қыранға» ірі есеппен есе жіберді - 1:5.

Оралдың «Ақжайығы» П.Атоян атындағы стадионда «Байқоңырды» ойсырата ұтты - 5:0. Алаң иелерінен Руслан Хаиров қос голдың авторы атанса, Наурызбек Жагоров, Сергей Басов, Роман Павинич қарсылас қақпасына бір-бір доптан енгізді.

Осылайша петропавлдықтардың есебінде 52 ұпай болса, ақтаулықтардың олардан екі ұпайы кем. Оралдықтар «Алтайды» қуып жетті, бұлардың қоржынында 49 ұпайдан бар.

Премьер-лига жолдамалары тағдырын қалған екі тур ойындарының нәтижесі шешеді. Алғашқы екі орынды иеленген қос команда премьер-лигаға бірден жолдама алады. Үздік үштікті түйіндеген команда премьер-лигада оныншы орын алған клубпен тағы бір жолдаманы сарапқа салады.

Соңғы жаңалықтар