Футбол: «Астананың» қарсыласы Франция чемпионатында көш бастаушы команданы ұтты

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Франция чемпионатының кезекті турында «Лион» - «Ренн» матчында күтпеген нәтиже тіркелді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Лион қаласында өткен кездесуде біріншіліктегі көш бастаушылардың бірі «Астананың» Еуропа лигасындағы қарсыласы - «Ренн» командасын қабылдады.

Бұл ойын тағдырын бірінші тайм соңына таман соғылған қос доп шешті. 41-минутта «Реннің» капитаны Хатем Бен-Арфа есеп ашса, екі минуттан кейін алаң иелерінің есін жиғызбастан, Жордан Сьебатшё мергендік танытты.

Екінші таймда «Лион» алға ұмтылғанымен, ештеңе тындыра алмады.

Осылайша биыл біріншілік барысында ойыны қожырап, турнир кестесінде көш соңына қарай құлдыраған «Ренн» Лионда Еуропа чемпиондары лигасында бақ сынап жүрген «Лионды» 2:0 есебімен жерге қаратып кетті.

Бұл бәсекеден кейін «Ренн» 20 ұпаймен 13-орынға көтерілсе, «Лион» (28 ұпай) бұрынғыша төртінші сатыда қалды.

Өткен турда «Ренн» өз алаңында «Страсбурдан» 1:4 есебімен ойсырай жеңілгеннен кейін команданың бас бапкері Сабри Лямуши орнынан кеткен болатын.

Айта кетейік, «Астана» Еуропа лигасының топтық бәсекесінде  15 желтоқсан күні Францияда осы «Ренн» клубымен шешуші кездесуін өткізеді. К тобында «Динамо» (Киев) командасы 11ұпаймен плей-офф мәселесін шешіп қойса, екінші жолдаманы қазақстандық және франциялық клубтар сарапқа салады. Бұл матчта елордалықтарға тең ойын жеткілікті. Француздарға тек қана жеңіс керек. 

Соңғы жаңалықтар