Футбол: «Астана» «Маккабиді» тас-талқан етті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін "Астана Арена" стадионында Еуропа лигасы топтық кезеңінің 3-туры аясында Израильдің "Маккаби Тель-Авив" командасын қабылдаған «Астана» футбол клубы ірі есеппен жеңіске жетті, деп xабарлайды "ҚазАқпарат" ХАА тілшісі.

Ойын бірден тартысты басталмаса да, "Астана" бірінші таймда-ақ тізгінді өз қолына алды деуге болады. Израильдіктердің тынысын тарылта түскен алаң иелері уақыт өте қолайлы мүмкіндіктерге ие бола бастады. 33-минутта Дмитрий Шомконың қатты тепкен айып соққысынан кейін, қонақтар өз айып алаңында ереже бұзды. Нәтижесінде, астаналық Патрик Твумаси 11 метрлік нүктеден еш қиындықсыз есеп ашты.

Ес жиып үлгермеген израильдіктер 42-минутта Шомко мен Твумасидің асырған айласынан тағы да "таяқ жеді". Сол қанаттан Шомконың берген добын 23-нөмірлі Твумаси Райковичтің қақпасына шегелеп тастады.

"Сен тұр, мен атайын" деп екінші таймға белсеніп шыққан Джуниор Кабананга "Астананың" 47-минутта сол қанаттан жылдам ұйымдастырған қарымта шабуылында өз деңгейін дәлелдеді. Айып алаңының оң бұрышынан кірер тұста оқтай атылған соққысын қонақтар қақпашысы қайтаруы мүмкін емес еді, есеп - 3:0.

Әрі қарай, төртінші гол да көп күттірген жоқ. Бұл жолы жоспарлы шабуыл ұйымдастырған елордалық ұжым қонақтарды алдымен айып алаңына тықсырып алды. Артынша Кабананганы қорғаушылардың бір сәтке жалғыз қалдырғанын байқап қалған Шомко допты домалата салды. Дәл берілген пасты біздің тоғыздық алыс бұрышқа дәл бағыттады.

Алаң иелерін асыра мақтағандық емес, бірақ Жорди Круифтің шәкірттерін футбол сүйер қауым бүгін шынымен де көре алмады. Израильдіктер оқтын-оқтын шабуыл ұйымдастыруға тырысқанмен, алаң орталығын бүгін Маевский-Бейсебеков тандемі түгел биледі. Оның үстіне "Астананың" екі қанаты шын мәнінде самғады деуге болады. Украиналық бас төреші Сергей Бойконың ақтық ысқырығына қонақтар әрең жетті. Станимир Стойлов шәкірттерімен бірге осындай тамаша ойын өрнегін сыйлады.

Матч 4:0 есебімен аяқталды.

Енді елордалық ұжымның қоржынында үш турдан соң 4 ұпай бар, бұл - көктемгі кезеңге қойылған батыл қадам болғай!

Соңғы жаңалықтар