ФУТБОЛ: Әлем чемпионаттарының рекордшысы Қазақстан мен Буркина-Фасо арасындағы ойынға төрелік етеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан мен Буркина-Фасо ұлттық құрамалары арасындағы жолдастық матчқа өзбек рефери Равшан Ирматовтың жетекшілігіндегі судьялық бригада төрелік жасайды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметінен хабарлады.

Айта кетерлігі, Ирматов халықаралық тәжірибесі өте жоғары төрешілердің бірі саналады. Мәселен, ол 2010, 2014 жылдардағы Әлем чемпионатының финалына, 2012 Олимпиада ойындарының ақтық кездесулеріне, Азия Кубогы мен клубтар арасындағы Әлем чемпионатына төрелік еткен танымал әрі білікті рефери. Сонымен қатар 37 жастағы арбитр Әлем чемпионаттарының матчтарына қызмет ету көрсеткіштерінен рекорд жасаған бірден бір төреші. Мәселен, ол осындай деңгейдегі айтулы ойындарда, атап айтқанда, 2010 жылғы Әлем чемпионаттарында - 5, 2014 жылғы чемпионатта 4 кездесуге қазылық етті.

«Өзбек төреші бұған дейін Қазақстанның ұлттық құрамасымен өткен екі матчта қызмет көрсетті. 2007 жылы ол Алма-ТВ кубогы бойынша Шымкентте өткен Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы ойынға төрелік етті. Ал 2010 жылы Қазақстан мен Оман арасындағы жолдастық кездесуге қатысты. Бұл жолы Ирматовқа қапталдан көмектесетіндердің бірі оның жерлесі Джахангир Саидов, екіншісі - қырғыз судьясы Бахадыр Кочкаров болып отыр. Ал қазақстандық судья Александр Әлиев резервтегі төреші ретінде тағайындалған», делінген баспасөз баянында.

Еске сала кетейік, Қазақстан мен Буркина-Фасо арасындағы матч 12 мамырда сағат 18:00-де Алматының орталық стадионында өтеді.

Соңғы жаңалықтар