Футбол: «Ақжайық» үш ойыншымен келісімшартты ұзартты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Түркияда оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Ақжайық» үш ойыншымен келісімшартты ұзартты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Ақжайық» футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, Бауыржан Омаров, Владимир Покатилов және Руслан Қайыров жаңа маусымды команда құрамында өткізеді.

Олардың үшеуі де - Орал футболының түлектері.

Футболдағы жолын 2006 жылы жергілікті жастар командасында бастаған Бауыржан Омаров «Ақжайыққа» 2010 жылы шақыртылып, премьер-лигадағы алғашқы ойынын өткізді. Қорғаушы болғанымен, кезінде ел чемпионы болған қарағандылық «Шахтердің» қақпасына гол соққан Б.Омаров «Ақжайық» үшін жүзден астам матч өткізіп, команда көшбасшыларының біріне айналып үлгерді.

null Владимир Покатилов 2010 жылы клубтың қосалқы құрамында ойнады. Үш жылдан соң негізгі құрамға іліккен ол «Ақжайықтан» бөлек «Тобыл», «Жетісу», «Болат-АМТ», «Мақтаарал» клубтарында доп тепті. Бір қызығы, Владимирдің сыңары Стас Покатилов - Қазақстан ұлттық құрамасы мен «Қайрат» командасының қақпашысы.

null Руслан Қайыров та 2006 жылы жастар командасында бағын сынап, екі жылдан кейін «Ақжайыққа» алынды. Премьер-лигада ойнаған ол «Қызылжар», «Алтай» командаларында да өнер көрсетіп келді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын жаңа маусымға дайындалып жатқан «Ақжайықтың» ресейлік клубпен тең ойнағанын жазған болатынбыз.

Бүгін украиналық маман Сергей Зайцев жаттықтыратын оралдықтар Грузияның «Дила» клубымен (бұрын жоспарланған өзбекстандық «Андижанмен» матч өтпейтін болды) жасыл алаңға шығады. Гори қаласының намысын қорғайтын «Дила» 1949 жылы құрылған. Грузия чемпионаттарына тоқсаныншы жылдардан бері қатысып келеді. 2011-2012 жылғы маусымда ел кубогын иеленсе, 2015 жылы Грузия чемпионы атанды.

Бұл ойын «Ақжайықтың» Түркиядағы алғашқы оқу-жаттығу жиынындағы соңғы кездесуі болмақ.

Соңғы жаңалықтар