Футбол: «Ақжайық» ресейлік клубпен тең ойнады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Түркияда жаңа маусымға дайындалып жатқан Оралдың «Ақжайығы» Ресейдің «Урожай» клубымен (Краснодар) жолдастық кездесу өткізді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Тартысты өткен матч 1:1 есебімен тең аяқталды.

«Ақжайықтың» бас бапкері, украиналық маман Сергей Зайцевтің айтуынша, Түркияда оқу-жаттығу жиыны басталғаннан бері 15 күн өткен. Содан бері ойыншылар барынша тер төгіп, еңбектенуде.

«Ел біріншілігіндегі алғашқы ойынға дейін әлі ай жарымдай уақыт бар. Бұл жиында селекциялық жұмысқа мән берілді. Енді екінші оқу-жаттығу жиынында жұмыс ауқымын көбейтіп, күшті командалармен кездесетін боламыз. Бүгінгі ойында «Ақжайық» қайсарлығын танытып, есепті теңестіре білді», деді С.Зайцев.

Оралдық клуб сапындағы тәжірибелі футболшылардың бірі Руслан Қайыровтың сөзіне қарағанда, командада жастар аз емес.

«Бірінші таймда гол жіберіп алғанмен, екінші кезеңде қарымта қайырдық. Бапкердің тапсырмасын орындадық. «Ақжайықта» жастар аз емес. Бірінші лигада команда құрамында кемінде екі жас футболшы ойнауы тиіс. Сондықтан біз оларға ақыл-кеңесімізді айтып, шеберліктерін жетілдіруіне көмектесудеміз», деді Р.Қайыров.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» Түркияда жаттығып жатқанын жазған болатынбыз.

11 ақпан күні оралдықтар «Андижан» (Өзбекстан) командасымен жолдастық кездесу өткізеді.

Соңғы жаңалықтар