Футбол: «Ақжайық» пен «Қайсар» тең ойнады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан ел чемпионатының ХХІІ турында Оралдың «Ақжайығы» П.Атоян атындағы стадионда Қызылорданың «Қайсарын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Батысқазақстандық клубтың бас бапкерінің міндетін атқарушы Артур Авакянц сәрсенбі күні «Астанамен» өткен ойындағы құрамға өзгеріс енгізе қойған жоқ. Дегенмен бұл жолы алаң иелеріне желпініс жетіспеді.

Матч барысында қонақтар көбірек шабуылдап, «Ақжайықтың» қақпасына жиірек қауіп төндірді. Сондай сәттердің бірінде қақпашы Сергей Ткачук сэйв жасай білді. Жалпы, осымен үшінші ойын қатарынан С.Ткачук өз қақпасын аман алып қалып отыр. Әрине, мұнда қорғаушылардың да үлесі бар.

Шабуылды ұйымдастыру кезінде «Ақжайық» ойыншылары дәл пас бере алмады. Тіпті өзіне қарсы тәртіп бұзылғаннан кейін Малик Мане айып добын қақпадан әлдеқайда жоғары тепті. Екінші таймда Иван Антиповтың орнына шыққан, чемпионатта 8 голмен мергендер көшін бастап келе жатқан украиналық шабуылшы Адеринсола Хабиб Эсеола да жарқырай көріне алған жоқ. Бәлкім, оны бірден ойынға қосу керек пе еді, әйтеуір алаң иелері бұл кездесуде басымдылық таныта алмады. Қайта қызылордалықтар жеңістің ауылына бір табан жақын тұрды деуге болады.
«Ақжайық» бұл турдан кейін 17 ұпаймен бесінші орында келеді.

Айта кетейік, өз алаңында Талдықорғанның «Жетісу» командасын 3:0 есебімен ұтқан астаналықтар қоржынындағы ұпай санын 34-ке жеткізді. Атырауда жергілікті клубты 3:1 есебімен тізе бүктіріп, 29 ұпай жинаған «Қайрат» бұрынғысынша екінші орында. Әйтсе де алматылықтардың елордалықтардан екі ойыны кем. Сырт алаңда Қарағандының «Шахтерін» 1:0 есебімен ұтқан Қостанайдың «Тобылы» 26 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр. Петропавлда «Қызылжарды» 2:1 есебімен жеңген «Ордабасы» (Шымкент) командасы 19 ұпаймен төртінші орынға табан тіреді.
Алдағы бейсенбі күні, 31 мамыр күні өтетін ХІІІ турда «Жетісу» - «Шахтер», «Тобыл» - «Қызылжар», «Ордабасы» - «Атырау», «Қайрат» - «Ақтөбе», «Ертіс» - «Ақжайық», «Қайсар» - «Астана» ойындары өтеді.

Соңғы жаңалықтар