Футбол: «Ақжайық» пен «Ақтөбе» сырт алаңда жеңіске жетті

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Футболдан Қазақстан чемпионаты бесінші турының алғашқы екі ойыны өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алдымен Петропавл қаласында жергілікті «Қызылжар» «Ақтөбе» командасын қабылдады.

Осыған дейін жеңіліп көрмеген алаң иелері бірінші болып есеп ашты. Шабуылға қосылған белорус қорғаушысы Валерий Каршакевич 66-минутта мергендік танытты.

Дегенмен ақтөбеліктер ойынға тыңнан қосылған футболшылардың көмегімен матч соңында жеңісті жұлып алды. Алдымен 90-минутта Дидар Жалмұқан таразы басын

теңестірді. Ал 93-минутта Рифат Нурмугамет есепті 2:1-ге жеткізді.

Ал өткен турда «Тараздан» 0:4 есебімен ойсырай ұтылғаннан кейін «Шахтердің» бас бапкері Али Алиев орнынан кетіп, уақытша жаттықтырушы міндетін атақты футболшы Андрей Финонченко қолға алған болатын.

Өз алаңы жарамсыз болғандықтан, қарағандылық клуб пен «Ақжайықтың» матчы елордадағы «Астана Арена» стадионында өтті.

Кездесу қарағандылықтар үшін сәтсіз басталды.

«Ақжайықтың» шабуылшысы Вячеслав Швыревпен соқтығысып қалған «Шахтердің» қақпашысы Игорь Шацкий жарақат алып, орнына Тимурбек Зәкіров шықты.

Бірінші тайм соңына қарай, 39-минутта қарсы шабуыл кезінде ресейлік Евгений Козловтың Т.Зәкіровтен асыра салған добын ганалық қорғаушы Гидеон Баа өз қақпасына тоғытты. Дегенмен 44-минутта Айдос Тәттібаев қарымта гол соқты – 1:1.

Екінші таймда 73-минутта қонақтар айып добын орындады.

Осы сәтте тағы бір қарағандылық қорғаушы Давид Атанаскоски өз қақпасына гол соғып алды.

Сөйтіп сәттілік серік болған «Ақжайық» 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Бұдан кейін ақтөбеліктер 9 ұпаймен турнир кестесінде екінші, оралдықтар сегізінші орынға көтерілді.

18 сәуір күні өтетін алтыншы турда «Ақтөбе» «Шахтерді» қабылдаса, «Ақжайық» сырт алаңда «Таразбен» ойнайды.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» өз алаңында «Қызылжарға» есе жібергенін жазған болатынбыз.



Соңғы жаңалықтар