Футбол: «Ақжайық» пен «Ақтөбе» командалары тең ойнады

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан ел біріншілігінің ХХ турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Ақтөбе» командасын қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Турнир кестесінде бір-бірімен құйрық тістесіп келе жатқан қос команда үшін де бұл кездесу аса маңызды еді.

Осы аптада оралдық клубтың тізгінін ұстаған украиналық маман Сергей Зайцев құрамға көп өзгеріс енгізе қойған жоқ. Тек Латвия құрамасының ойыншысы Артур Карашаускс алаңға бірден шықпай, хорватиялық қорғаушы Денис Главинаға сенім артылды.



Бірінші тайм барысында ақтөбеліктер бірнеше рет гол соғатын мүмкіндікті мүлт жіберді. Чемпионаттың сұрмергені, армениялық шабуылшы Маркос Пиззелли «Ақжайықтың» қақпашысы Евгений Боровик қайтарған допты қиыс тепті. Кейін дәл осындай жағдайда Бағдад Қайыровтың соққан добы қақпашының қолынан табылды.

Тайм соңына таман Еркін Тапалов Жамбыл Көкеевке қарсы ойын тәртібін бұзғаннан кейін айып добы белгіленді. М.Пиззелли асырған допты «Ақтөбе» сапындағы франциялық легионер Жан-Эд Морис баспен торға дәл түсірді.

Екінші таймның ортасына таман С.Зайцев оралдықтардың ойынына жан кіргізбек ниетпен Иван Антипов пен сенегалдық Малик Маненің орнына Еркебұлан Нұрғалиев пен А.Карашаусксты кіргізді. Сәлден соң А.Карашаускстың пасынан кейін алаң иелері гол соғып кете жаздады. Украиналық легионер Андрей Ткачукқа дәлдік жетіспеді.



«Ақжайық» таразы басын теңестіру үшін барын салды. 85-минутта А.Ткачуктың айып алаңына кірместен тепкен добы қақпа бұрышынан бір шықты.
Негізгі уақытқа бес минут қосылған кезде де қонақтар басымдық танытып, жеңіске ұмтылғанымен, оралдықтар тең ойынды сақтап қала алды.

Сөйтіп 1:1 есебімен тең тарқасқан «Ақтөбе» мен «Ақжайық» командалары ұпай санын 24-ке жеткізді. Оларды бүгін өз алаңында «Қызылжарды» 2:1 есебімен тізе бүктірген Қызылорданың «Қайсары» қуып жетті. Осы үш команда бесінші-жетінші орындарды бөлісуде.

Соңғы жаңалықтар