Футбол: «Ақжайық» өз алаңында «Жетісу» командасын ұтты

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Футболдан ел чемпионатының он бірінші турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында «Жетісу» командасын қабылдап, 2:0 есебімен ұтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл жеңіс оралдықтарға оңайлықпен келген жоқ. Осының алдында Ақтөбеде 3:5 есебімен ұтылғаннан кейін командаға бас бапкердің міндетін атқарушы, жергілікті маман Артур Авакянцтың басшылық етуіне тура келді.

Бірінші таймда алаң иелерінің адымы ашыла қойған жоқ. Қазақстандық белгілі жаттықтырушы Дмитрий Огай баптайтын талдықорғандықтар көбірек шабуылдады. «Ақжайықтың» ойыны жүрмеді десе де болады.

null
Ойынның екінші кезеңінде  ғана алаң иелерінің екінші тынысы ашылғандай болды. Көп ұзамай Иван Антипов пен украиналық легионер Адеринсола Хабиб Эсеола қақпашыға екеуі бірдей шыққанымен, дәлдік жетіспеді. Дегенмен 67-минутта Руслан Қайыровтың пасынан кейін Эсеола өз мүмкіндігін мүлт жібермей, баспен допты қақпа бұрышына дәл түсірді.

Екінші таймда Артур Авакянц тағы бір украиналық легионер Игорь Худобяк пен сенегалдық Малик Манені ойынға қосты. Әсіресе, М.Маненің допты ұстаудағы шеберлігі анық көрінді. 80-минутта дәл сол М.Маненің пасынан кейін Эсеола есепті 2:0-ге жеткізді. Бұл оның осы чемпионаттағы жетінші голы еді. Сөйтіп ол мергендер көшін бастады.

Кездесу барысында «Ақжайықтың» қақпашысы Сергей Ткачук та барынша сәтті ойнап, бірнеше рет қауіпті соққыларды қайтара білді.

null
Бұл турдан кейін «Ақжайық» турнир кестесінде қайтадан алтыншы орынға көтерілді. 23 мамыр күні оралдықтар біріншілікте 31 ұпаймен жекедара көш бастап келе жатқан «Астана» командасын қабылдайды. Бұл ХХІІ турдың кездесуі болғанымен, қос команданың келісуіне байланысты осы күнге алға ысырылған болатын.

Айта кетейік, бүгін елордалықтар «Ақтөбені» 3:1 есебімен тізе бүктірсе, «Қайрат» Алматыда Қарағандының «Шахтерін» (2:0) жеңді. Астаналықтардан бір ойыны кем алматылықтар 26 ұпаймен екінші орында келеді. Шымкентте «Ордабасыны» 1:0 есебімен қапы қалдырған Қостанайдың «Тобылы» 22 ұпаймен үшінші сатыға нық беки түсті. Шымкенттіктер 16 ұпаймен төртінші орында қалды. Ең ірі есеп Павлодарда тіркелді. «Қызылжарды» 5:0 есебімен ойсырата ұтқан «Ертіс» бесінші орынға көтерілді.

null
Екінші айналым ойындары 27 мамыр күні басталады. Бұл күні ХІІ турда «Астана» - «Жетісу», «Ақжайық» - «Қайсар», «Ақтөбе» - «Ертіс», «Атырау» - «Қайрат», «Қызылжар» - «Ордабасы», «Шахтер» - «Тобыл» кездесулері өтеді. 

Соңғы жаңалықтар