Футбол: «Ақжайық» өз алаңында «Қайсардан» ұтылып қалды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  -  Футболдан ел чемпионатының ХХХІ турында «Ақжайық» өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл бәсеке қос команда үшін де аса маңызды еді. Қызылордалықтар төртінші орыннан үмітін үзбесе, оралдықтар бірінші лигаға түсіп қалмау үшін барын салып жүрген-ді.

«Ақжайықтың» бас бапкері, украиналық маман Сергей Зайцев бұл жолы қақпаға отандасы Евгений Боровик емес, қазақстандық Сергей Ткачукты қойды. Сондай-ақ хорватиялық қорғаушы Денис Главина бірден алаңға шықты.

Ойын оралдықтардың шабуылымен басталды. Алайда «Қайсардың» қақпашысы Александр Григоренко бастаған қонақтардың қорғаныс шебі сыр берген жоқ. Алаң иелері жеті рет бұрыштамадан доп бергенімен, одан еш нәтиже шығара алмады. Есесіне болгариялық маман Стойчо Младенов жаттықтыратын қызылордалықтар бірінші тайм соңына таман бұрыштамадан алғаш рет доп беруі мұң екен, сербиялық Братислав Пуношевац баспен дәл соға білді. Бұл оның биылғы маусымдағы оныншы голы еді.

Екінші таймда алаң иелері таразы басын теңестіруге ұмтылғанымен, алдымен «Қайсардың» құрамындағы украиналық Владимир Аржанов содан кейін франциялық Матиас Курьор мергендігімен көзге түсті. Матч соңында кезінде «Ақжайықтың» құрамында доп тепкен белорус Игорь Зенькович есепті 4:0-ге жеткізді.

Осылайша өз алаңында ірі есеппен ойсырай ұтылған «Ақжайық» 30 ұпаймен 11-орынға сырғыды. Қалған екі матчты сырт алаңда өткізетін С.Зайцев шәкірттерінің премьер-лигада қалу мүмкіндігі мүлдем азайды деуге болады.

Айта кетейік, бұл турда Павлодардың «Ертісі» Алматыда «Қайратты» 1:0 есебімен (гол соққан команда капитаны, португалиялық легионер Карлуш Фонсека) тізе бүктіріп, 32 ұпаймен оралдықтарды басып озып, оныншы орынға көтерілді. «Жетісу» мен «Атырау» (0:0), «Ордабасы» мен «Шахтер» (1:1) командалары ұпай бөлісті. Қарағандылықтар 29 ұпаймен соңғы, 12-інші орында келеді.

Алматылықтар жеңіліп қалғандықтан, «Астана» командасы кейінгі кездесулердің нәтижесіне қарамастан, бесінші мәрте қатарынан ел чемпионы атанды.

3 қараша күні «Ертіс» өз алаңында «Ақжайықты» қабылдайды, міне, осы матчта оралдықтар жеңсе ғана үміт қайта оянады.

Соңғы жаңалықтар