Футбол: «Ақжайық» өз алаңында «Қайратқа» есе жіберді

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат  - Футболдан ел біріншілігінің ХІV турында Оралдың «Ақжайығы» өз алаңында көш бастаушылардың бірі - Алматының «Қайратын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматылықтарды бұл жолы команда капитаны Исламбек Қуат бастап шықты. «Қайраттың» құрамында алты бірдей легионер ойнаса, «Ақжайықта» төрт украиналық футболшы мен сенегалдық шабуылшы Малик Мане болды.


Бірінші таймда украиналық қақпашы Евгений Боровик И.Қуат, Магомед Парагульгов, Исаэлдің қауіпті соққыларын қайтара білді. Дегенмен 42-минутта ресейлік Андрей Аршавин өз шеберлігін көрсетіп, қақпа бұрышын дәл көздей білді.

Екінші таймда Малик Манемен бірге шабуыл шебінде жүрген Қазақстан жастар құрамасының мүшесі Иван Антипов Еркін Тапаловтың пасынан кейін «Қайраттың» қақпашысы Владимир Плотников допты уысынан шығарып алған сәтті пайдалана алмады. Аяғына қақпашының қолы тиген И.Антипов құлап қалғанмен, төреші Фуркат Атажанов тәртіп бұзылды деп санамады.



Көп ұзамай қарымта шабуылдан кейін А.Аршавиннің пасын мүлт жібермеген хорватиялық легионер Иво Иличевич 70-минутта есепті еселеп, 2:0-ге жеткізді.

Бұл кездесуде «Ақжайықтың» құрамында ұшқыр шабуылшы, украиналық Адеринсола Эсеоланың жоқтығы сезіліп тұрды. «Қайратқа» ауысып кеткен ол алматылықтардың сапында алдағы шілде айынан бастап ойнай алады. Сондықтан оралдықтар көбінесе жалғыз М.Манеге үміт артуға мәжбүр болып қалды. Шабуыл шебін күшейтетіндей футболшы да аз. Алматылықтардан үш бірдей ойыншы, соның ішінде Бауыржан Исламхан тыңнан қосылса, «Ақжайықтың» бас бапкері міндетін атқарушы Артур Авакянц И.Антиповтің орнына Еркебұлан Нұрғалиевті ғана қоса алды. Ақыры дәл сол Еркебұланның пасынан кейін оң қанаттан суырылып шыққан М.Мане 87-минутта есепті қысқарта алды. Бұдан кейін Е.Нұрғалиевтің тағы бір пасынан кейін М.Мане допты тоқтатамын дегенше, алматылық қорғаушылар соғуға мүмкіндік берген жоқ.



Осылайша алматылықтар 2:1 есебімен жеңіске жетіп, 35 ұпаймен бұрынғыша екінші орында келеді. «Қайраттың» елордалықтардан бес ұпайы аз болғанымен, екі ойынды кем өткізді.

Айта кетейік, бұл турда өз алаңында Павлодардың «Ертісін» 3:0 есебімен ойсырата ұтқан «Астана» командасы ұпай санын 40-қа жеткізді. Атырауда жергілікті команданы 2:0 есебімен сүріндірген Қостанайдың «Тобылы» 28 ұпаймен үздік үштікті түйіндеп тұр.

Соңғы жаңалықтар