Футбол: «Ақжайық» командасына бас бапкер тағайындалды

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат -Артур Авакянц «Ақжайық» командасының бас бапкері болып тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған футбол клубының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, 1972 жылы дүниеге келген А.Авакянц осы оралдық команданың отымен кіріп, күлімен шығып келеді.

Футболшы ретінде бірнеше қазақстандық командада доп теуіп көрген Авакянц негізінен оралдық клубтың намысын қорғады. Ал 2011 жылдан бері «Ақжайық» командасын жаттықтырып келеді. Арасында бас бапкерлік міндетін де атқарды.

Осыған дейін «Ақжайық» командасының тізгінін ұстаған украиналық маман Сергей Зайцев чемпионаттың алғашқы екі ойынында бір ғана ұпай жинап, кубоктык бәсекеден де шет қалғандықтан, орнынан босатылған болатын.

Зайцев кеткеннен кейін 19 сәуір күні бас бапкер міндетін атқарушы болып тағайындалған А.Авакянц содан бері бес матч өткізді. Команда соның үшеуінде жеңіске жетіп, екеуінде тең ойнады.

Премьер-лигаға қайта оралуды мақсат етіп қойған "Ақжайық" қазір турнир кестесінде 12 ұпаймен бесінші орында келеді.

А.Авакянц бас бапкер ретіндегі алғашқы кездесуін 26 мамыр күні сырт алаңда «Мақтаарал» командасымен өткізеді.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын «Ақжайықтың» бас бапкері қызметінен кеткенін жазған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар