Футбол: «Ақжайық» клубының эмблемасы өзгеріп, жаңа ойыншылармен толықтырылды (ФОТО)

None
None
ОРАЛ. ҚазАқпарат - Футболдан Қазақстан чемпионатының бірінші лигасында өнер көрсететін «Ақжайық» клубының эмблемасы өзгеріп, жаңа ойыншылармен толықтырылды.

«Ақжайық» футбол клубы бас директорының міндетін атқарушы Бағдат Ағниязовтың мәлім еткеніндей, команда маусымға дайындық барысында Түркияда бірнеше оқу-жаттығу жиындарын өткізді. «Ақжайық» бұрынғыша жергілікті ойыншыларға көбірек сенім артып отыр. Команда капитаны Мейрам Сапанов болса, Руслан Хайыров, Алексей Мальцев, Бауыржан Омаровтың есімдерін де жанкүйерлер жақсы біледі.

Маусым алдында «Ақжайықтың» эмблемасына байқау жарияланып, соның нәтижесінде футбол клубының қызметкері Антон Авакянцтың жұмысы таңдап алынды. Қоңыр және көк түс алмасқан эмблемада доп пен шауып келе жатқан жылқы, қаланың атауы және оралдық кәсіби футбол клубының құрылған жылы (1968) көрініс тапқан. Сонымен қатар жаңа маусымда ойыншылар өз алаңында жаңа, қызыл түсті жейдемен шығатын болады. Екінші, көк түсті жейде де бар. Клубтың биылғы бюджеті 439 млн. теңгені құрайды. Бұған негізгі командаға қоса 732 бала жаттығатын «Ақжайық» футбол академиясын қаржыландыру кіреді. Оның үстіне аудандарда да бөлімшелер ашылуда. «Ақжайықтың» бас бапкері Сергей Волгиннің айтуынша, команда биыл да премьер-лигаға қайта оралуды мақсат етіп отыр. Түркиядағы жиындарда Ресей мен Польша чемпионаттарының бірінші, Болгарияның жоғары лигасында ойнайтын командалармен жолдастық кездесулер өткізіліп, «Ақжайықтың» құрамы сұрыпталды. Соның нәтижесінде үш бірдей легионерге таңдау түсті. Оның екеуі, атап айтқанда, қорғаушы, сербиялық Милиан Яблан мен жартылай қорғаушы, словениялық Марушко Матиц Қызылорданың «Қайсары» құрамында премьер-лиганың дәмін татып көрген. Ұзын бойлы, солақай М.Яблан орта тұсты нық ұстап, М.Матиц қорғаныспен бірге шабуылға дер кезінде қосылса, ал алғы шепке «Млада Болеслав» клубынан келген чехиялық Павел Султес серпіліс кіргізер деген үміт бар. Сондай-ақ Ақтаудың «Каспийінен» келген Олег Хромцов пен Теміртаудың «Болатынан» ауысқан Ақжол Серікжанов қарсыластар қақпасына гол соғуға тырысып бағары анық. Осыған дейін «Екібастұзда» доп тепкен Антон Шурыгин мен бұдан бұрын «Қайраттың» құрамында ойнаған Магомед Узденов жартылай қорғанысқа леп қоса алса, атыраулық Нұрболат Қалменов енді «Ақжайық» қақпашыларының бірі болмақ. Оралдың өз түлегі Еркін Тапаловқа да қайта сенім көрсетілді. С.Волгин премьер-лига жолдамасына таласушылар қатарында Петропавлдың «Қызылжары», Семейдің «Спартагы», Ақтаудың «Каспийін» атады. Қай команда да оңайлықпен ұпай бермесі хақ. Мәселен, өткен жылы көш соңында жүрген оңтүстікқазақстандық «Мақтааралға» биыл жағдай жасалып, команда құрамы күшейтілді. Бірінші лигада өнер көрсетушілер саны жыл сайын азайып келеді, өткен жылы 15 клуб болса, биыл 13-і қалды. Тараған командаларда ойнағандар басқаларына ауысып, солардың намысын қорғауда. Сондықтан алдын ала болжау айту қиын. Ең бастысы, «Ақжайық» маусымға дайын, шеберлік деңгейін алдағы ойындар көрсетеді. Сергей Волгинге Артур Авакянц, Марат Еслямов, Эдуард Столбовой (қақпашылар бапкері) сынды мамандар көмектеседі. Батысқазақстандықтар 29 наурызда Қазақстан кубогының іріктеу сайысында «Мақтаарал» командасымен сырт алаңда биылғы маусымның беташар матчын өткізеді. Чемпионатты 4 сәуірде Теміртауда «Болатпен» бастаса, 18 сәуірде өз алаңында «Екібастұзды» қабылдайды.

Соңғы жаңалықтар