Футбол: «Ақжайық» Алматыда «Қайратты» ұтып кетті

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Ел біріншілігінің 26-турында Алматының «Қайраты» өз алаңында Оралдың «Ақжайығын» қабылдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астанамен» чемпиондық атақ үшін таласып келе жатқан алматылықтар үшін бұл ойын маңызды еді. Ал оралдықтарға соңғы орындарға түсіп қалмау үшін ұпай ауадай қажет болатын.

Украиналық маман Сергей Зайцев жаттықтыратын батысқазақстандықтар кілең ығай мен сығай ойнайтын қарсыластарынан ыға қойған жоқ. Бір қызығы, қос команданы байланыстыратын деректер бар еді. Биылғы біріншілікті «Ақжайықтың» құрамында бастап, сұрмергенге айналған украиналық шабуылшы Адеринсола Эсеоланың жазда «Қайратқа» ауысқаны белгілі. Сол секілді Орал футболының түлегі Стас Покатилов алматылықтардың қақпасын қорғады.

Бірінші тайм басында қонақтар белсенді болғанымен, көп ұзамай алаң иелері ойын тізгінін қолға алды. Дегенмен оралдықтар да қарап қалмай, қарымта шабуылға шығып отырды. Әсіресе, сенегалдық шабуылшы Малик Мане қақпа алдында допқа сәл жетпей қалды.

Ойынның екінші кезеңінде алматылықтар жиі шабуылдады. Осындай сәттерде украиналық қақпашы Евгений Боровик «Қайраттың» капитаны Бауыржан Исламхан мен А.Эсеоланың қауіпті соққыларын қайтара білді.

Матч аяқталуға 15 минуттай уақыт қалғанда, оң қапталдан Азат Ерсәлімовтің берген добын Еркебұлан Нұрғалиев баспен қақпаға дәл түсірді. Бұдан кейін алматылықтар қанша тырысқанымен, есеп өзгерген жоқ.

Осылайша «Ақжайық» күтпеген жерден 1:0 есебімен «Қайратты» ұтып кетті. Бұл турда «Қайсармен» өз алаңында тең ойнаған елордалықтар да ұпай жоғалтты. Қазір алматылықтардың бірінші орындағы «Астанадан» төрт бірдей ұпайы кем. Ал 29 ұпай жинаған С.Зайцевтің шәкірттері турнир кестесінде жетінші орынға көтерілді. Дегенмен батысқазақстандықтарға босаңсуға болмайды. Олар 27-турда ел чемпионы «Астананы» қабылдайды.

Айта кетейік, өз алаңында Петропавлдың «Қызылжарынан» 0:1 есебімен ұтылып қалған Павлодардың «Ертісі» соңғы орыннан көтерілер емес. Қарағандыда «Атырауды» 2:1 есебімен жеңген «Шахтер» 10-сатыда келеді. Алғашқы үштіктен үміткер «Тобыл» мен «Жетісу» командалары Қостанайда 2:2 есебімен тең тарқасты. 

Соңғы жаңалықтар