Футбол: «Ақтөбе» төртінші орынға көтерілді

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Футболдан Премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінде 11-тур мәресіне жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аталған турдағы соңғы кездесуде қызылордалық «Қайсар» өз алаңында «Ақтөбе» командасын қабылдады.

Биылғы біріншілікті ақтөбелік клуб қарқынды бастаған еді. Ол турнир кестесінде жүлдеге таласатын командалар қатарында саналады. Дегенмен соңғы бес кездесудің небәрі екеуінде жеңіске жетті.

Кездесу барысында командалар тартысты ойын өткізді. Матч тағдырын шешкен жалғыз голды «Ақтөбе» сапынан Әлібек Қасым 71-минутта баспен соқты.

Осылайша «Ақтөбе» 1:0 есебімен жеңіске жетіп, турнир кестесінде төртінші орынға көтерілді.

Айта кетсек, 27 мамырда «Мақтарал» «Қайратты» - 3:1, «Ақсу» «Жетісуды» 2:1 есебімен тізе бүктірсе, «Каспий» мен «Шахтер» кездесуінде 1:1 есебімен тең түсті.

Ал сырт алаңда «Тобыл» «Оқжетпесті» - 2:1, «Ордабасы» «Қызылжарды» 1:0 есебімен сүріндірді.

Енді 12-тур ойындары 3 және 4 маусым күндері өткізіледі.


Соңғы жаңалықтар