Футбол: «Ақтөбе» «Ордабасыдан» басым түсіп, екінші орынға көтерілді

None
Бүгін футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 22-турында «Ордабасы» «Ақтөбеге» есе жіберді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шымкенттің «Ордабасы» командасы турнир кестесінде бірінші орында келеді. Бүгінгі ойында жеңіске жеткенде чемпиондық атаққа бір табан жақындай түсетін еді.

«Ақтөбе» клубы да бас жүлдеден үмітін үзе қойған жоқ. Сондықтан олар да ойын барысында үш ұпай олжалауға бар күшін салды.

Кездесуде шымкенттік клубтан Асхат Тағыберген 28-минутта мергендік танытты. Оған Андрия Филипович 63, Андресон Ниангбо 81-минутта екі голмен жауап қайырды.

Осылайша «Ақтөбе» қарсыласын 2:1 есебімен тізе бүктіріп, турнир кестесінде екінші орынға көтерілді.

Ал «Ордабасы» жеңілгеніне қарамастан бірінші орындағы орнын сақтап қалды.

Сондай-ақ, бүгін «Астана» «Тобылдан» 2:1 есебімен басым түссе, «Атырау» мен «Қызылжар» 0:0 есебіне қанағат білдірді.

Айта кетсек, 16 қыркүйекте өз алаңында «Ақсу» «Оқжетпеске» 0:1, «Каспий» «Мақтаралға» 0:2 есебімен жол берді.

Ал 17 қыркүйекте «Жетісу» мен «Қайрат», «Шахтер» мен «Қайсар» командалары кездеседі.


Соңғы жаңалықтар