Friends of Korea Нұр-Сұлтандағы «Ана үйлеріне» тұрмыстық техника сыйлады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Корея Республикасының Қазақстандағы елшілігі және «Friends of Korea» қайырымдылық тобы елордадағы екі «Ана үйіне» тұрмыстық техника тарту етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Жалпы сомасы 2000 АҚШ доллары болатын техника қатарында тоңазытқыштар, пеш плиталары, шәйнектер, миксер, комбайн, қысқатолқынды пеш және еттартқыштар бар.

«Бұл – «Friends of Korea» тобы ұйымдастырған екінші шара болып отыр. Өткен жылы біз Нұр-Сұлтандағы мамандандырылған балалар үйіне бардық. Барлық шараны «Friends of Korea» тобындағы студенттер ұйымдастырғанын айрықша атап өткім келеді. Бұл студенттердің қайырымдылық акцияларын ұсынуға ұмтылысын көрсетеді. Акция аясында бүгін «Ана үйіне» тұрмыстық техниканы ұсынып отырмыз. Бұл техникалар үйді одан әрі дамыту үшін қандай да бір көмек болады деп үміттенеміз. Бүгін үйдегі барлық инфрақұрылымды көріп, осындай қызмет үшін құрмет білдіргім келеді», - деді Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Ку Хонг-сок.

Елшінің айтуынша, пандемия кезеңінде Корея Республикасының Үкіметі Қазақстанға 800 мың доллар көлемінде гуманитарлық көмек көрсеткен.


Сонымен бірге, елшілік атынан қарттар үйлері мен балалар үйлері үшін түрлі іс-шаралар өткізіліп келеді.

«Ана үйі» қорының ашылғанына 8 жыл толды. Қазіргі уақытта тұтас Қазақстан бойынша 21 үй жұмыс істейді. Бүгінге дейін 5 мың ана біздің жобамыз арқылы көмек алып, аяққа тұрды. Осылайша балалардың 70%-ы жетімдер үйіне түскен жоқ. Барлық үйде жатын бөлмелер мен ойын бөлмелері бар. Бірінші қабат – бұл жалпы аймақ және аналар тігін тігуге, тағам пісіруге және кәсіпкерлікпен айналысуға болатын өндірістік шағын бөлмелер бар. Біз психологиялық, әлеуметтік, заңгерлік көмек көрсетеміз, жәрдемақы алуға көмектесеміз. Бізге еріктілер көмектеседі, бірақ елшілік деңгейіндегі көмекті алғаш рет алып тұрмыз», - деді қоғамдық қордың атқарушы директоры Анар Рахымбаева.

«Аналар үйі» қоғамдық қорының бағыттар бойынша жетекшісі Сәния Әренованың айтуынша, Нұр-Сұлтандағы екі үйді 20 ана мен 20 бала паналап отыр.

«Әдетте бізге баспанасыз, жұмыссыз қалған, жүкті немесе жаңа туған сәбиі бар әйелдер келеді. Осылайша, жас аналарға қиын жағдайда балаларын тастауға жол бермейміз. Олармен мамандар жұмыс істейді, психологиялық көмектен бөлек, құжаттарын рәсімдеуге, мамандық алуға, құжаттарын реттеуге көмек көрсетіледі. Шамамен жарты жылда әйелдер біздің орталықтан көшіп жатады, ал мәселесі шешілмеген әйелдер әрине бізде қалағанынша тұра алады», - дейді С. Әренова.


Айта кетейік, өткен жылы қазан айында «Friends of Korea» тобы қайырымдылық көмек түрінде «Мамандандырылған балалар үйіне» жеке қорғаныс құралдарын, жөргектер мен майлықтар және басқа бұйымдарды ұсынды.

Сонымен бірге, мамыр айында Корея Республикасының Қазақстандағы елшілігі отандық медицина мамандарына гуманитарлық көмек көрсетті.

«Friends of Korea» тобы – Қазақстан университеттерінің корей студенттік клубтарымен танысуға және тығыз өзара байланыс орнатуға және осы студенттік клубтардың бірлескен шараларын өткізуге арналған достық алаңы.

Ұйым 2019 жылы құрылған. Қазіргі уақытта топ құрамында түрлі университеттерден, оның ішінде Назарбаев университеті, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінен 150-ден астам студент бар.


Соңғы жаңалықтар