Франкофония көктемі-2023 мәдени іс-шаралар маусымы басталды

None
Фото: ortcom.kz
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін Қазақстанда «Франкофония көктемі-2023» мәдени іс-шаралар маусымы басталды. Халықаралық франкофония күнінің мақсаты – француз тілінде сөйлейтін адамдарды біріктіру, оның таралу аясын кеңейту және француз мәдениетін насихаттау, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Биыл Қазақстандағы «Франкофония көктемін» 9 елшілік ұйымдастырады. Атап айтқанда, 1 наурыз бен 30 сәуір аралығында Армения, Бельгия, Мысыр, Канада, Ливан, Марокко, Румыния, Франция және Швейцарияның Қазақстандағы елшіліктері Француз альянстарымен және басқа да қазақстандық франкофон ұйымдармен серіктестікте француз тілі мен мәдениетінің фестивалін өткізеді. Оның барысында 2 ай бойы мәдени шаралар ұйымдастырылады.

«Франкофония көктемі» – дәстүрлі шара және франкофон мәдениетінің фестивалі. Бүгінде әлемде 320 миллионнан астам адам француз тілінде сөйлейді. Француз тілі – әлемдегі 29 елдің ресми тілі. Ол дүниежүзінде таралуы жағынан бесінші және интернетте қолдану деңгейі бойынша төртінші орында. Бұл фестивальдің мақсаты – француз тілінің байлығын, сондай-ақ франкофон елдері мәдениетінің ерекшелігін атап өту», - деді Францияның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Дидье Канесс ОКҚ өткен брифингінде.

Елшінің сөзінше, «Франкофония көктемі» аясындағы іс-шаралар Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды, Атырау, Қостанай және Өскеменде өтеді.

«Франкофония апталығы аясында 19 француз фильмі ұсынылады. Сонымен қатар, 7 наурызда Алматыда «Әйелдердің спорттағы орны» тақырыбында фильмі көрсетіледі. Сондай-ақ, осы көрсетілімнен кейін әйелдер құқықтары туралы пікірталас болады», - деп мәлім етті Дидье Канесс.

Айта кетейік, «Франкофония көктемі» Қазақстанда 13 жылдан астам уақыт бойы өткізіліп келеді.


Соңғы жаңалықтар