Француз инвесторлары Алматыда тау туризмі индустриясын дамытуға мүдделі

None
None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Франция Президенті Франсуа Олландтың Қазақстандағы сапары Алматыда жалғасты. Бүгін өткен кездесу барысында Францияның жетекші компаниялары Алматыда тау туризмі индустриясын дамытуға мүдделі екендігін жеткізді.

"Біз алматылық әріптестерімізге Көктөбеде аспалы жол салуға мүмкіндік бергеніне ризамыз. 2015 жылы алматылықтар қаланың ортасынан тау басына дейін 4 минутта жететін болады. Мұнда тау курорты өте жақсы дамып келеді. Біз осы арқылы Қазақстанның экономикасының дамуына үлес қосқымыз келеді. Ал жергілікті компаниялармен жұмыс жасау қаржымыздың қайтатынына әрі келісім шарттарының орындалатынына кепіл болады",- деді РОМА компаниясының бас директоры Жан Сушаль.

"Көктөбе" паркінің директоры Есенғали Байменов француз компаниясының әлемдегі жетекші өндірушілердің бірі екендігін атап өтті.

"РОМА" компаниясы әлемнің 67 елінде аспалы жолдарды жобалаған, 8 мыңнан астам кабиналар мен жабдықтарды орнатқан. Біз олармен сәуір айында жаңа кабина жеткізу туралы келісімге қол қойған болатынбыз. SIGMA жаңа кабиналары тек қана транспорт құралы емес, ол жан-жақты тамашалауға мүмкіндік беретін құрал", - деді ол.

Естеріңізге сала кетейік, Көктөбе аспалы жолы 1967 салынған болатын. Содан бері жарты ғасыр бойы қала халқының игілігіне қызмет етіп келеді.

Ескірген жабдықтарды жаңғырту мәселесі биылғы жылдың басында көтерілген болатын.

Алматы әкімі Ахметжан Есімов қаланың дамуындағы басты бағыт ретінде тау туризмі айқындалып отырғанын айтты.

"Алматы бойынша дамудың 3 бағыты бар: еркін экономикалық даму аймағы, индустриалды саланы дамыту, туризм. Туризм саласында француз компаниялары біздің сенімді серігімізге айналды. Олар "Көкжайлау" жобасында да қатысып отыр. Қазірдің өзінде қалада 16 бірлескен компания, француз капиталының қатысуымен 37 компания жұмыс жасап келеді. Франция Президенті Франсуа Олландтың Қазақстанға сапарынан соң олардың саны одан да арта түседі деп ойлаймын",- деді әкім.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Францияның "Рома" компаниясы мен қалалық әкімдік арасында Көктөбеде жаңа аспалы жол салу туралы келісімге қол қойылды. Жобаны "Нұрбанк"АҚ қаржыландырады.

Жаңа нысан 2015 жылдың жазында пайдалануға беріледі.

Соңғы жаңалықтар