Францияның Конституциялық кеңесі зейнетақы реформасын мақұлдады

None
ПАРИЖ. ҚазАқпарат - Францияның Конституциялық кеңесі жалпы зейнетақы реформасын мақұлдады. Бастаманың барлық дерлік ережелері, соның ішінде зейнет жасын 62-ден 64-ке дейін көтеру және жәрдемақыларды азайту елдің негізгі заңы мен республика қағидаттарына сәйкес келеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат euronews.com сайтына сілтеме жасап.

Алты тармақ қабылданбады. Оның ішінде 300-ден астам қызметкері бар кәсіпорындар үшін егде жастағы жұмысшылардың ең төменгі санын енгізуді, сонымен қатар, Конституциялық Кеңес оппозицияның зейнетақы реформасы бойынша референдум өткізу туралы ұсынысын қабылдамады.

Енді Франция президенті Эммануэль Макрон түзетулер енгізілген жағдайда өзінің сайлауалды уәделерінің бірін жүзеге асыратын бастамаға қол қоя алады. Елисей сарайы рәсімнің бұл бөлігін кешіктіруге болмайтынын түсіндірді. Келесі аптаның басында реформа күшіне енуі мүмкін.

Ал сейсенбіде Макрон кәсіподақ өкілдерін кездесуге шақырады. Реформаға қарсылар қазірдің өзінде мұндай келіссөздер өткізу екіталай деп жауап беріп, наурызда бүкіл ел бойынша бірнеше миллионға жуық адам жиналатын және Франциядағы ғасыр басынан бергі ең жаппай наразылық шерулерін жалғастыруға уәде берді.

Еске салайық, Францияда ұзақ уақыт бойы зейнетақы реформасына қарсы ауқымды наразылық шаралары өтті. Ел бойынша миллионға жуық адам, соның ішінде бір ғана Парижде 300 мың адам көшеге шықты.

Сауалнамаларға сәйкес, Франция тұрғындарының 76%-ы реформаға қарсы болғанымен, ел бойынша мыңдаған наразылықтарға қарамастан, Франция сенаты даулы реформаны қолдады.

Франция премьер-министрі Элизабет Борн зейнетақы жүйесіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасының парламентте дауысқа салынбастан қабылданғанын мәлімдеді.

Мұнан соң оппозиция үкіметке сенімсіздік вотумын жариялайтынын хабарлады. Бірақ, ел үкіметі парламентте жарияланған сенімсіздік вотумын жеті дауыспен еңсерді.

Реформаға қарсы наразылық акцияларына бүкіл ел бойынша миллионнан астам адам қатысты.

Соңғы жаңалықтар