Франциядағы зейнетақы реформасы: жағдай шиеленісе түсті

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Францияда парламентте дауысқа салынбастан қабылданған зейнетақы реформасына қатысты наразылық басылмады, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.

Сенбі күні париждік демонстранттар «Жалпыға ортақ еңбек конфедерациясы» кәсіподағының үндеуімен астананың оңтүстігінде жиналды, бұған дейін полиция Елисей алаңдары мен Келісім алаңын қоршап алған болатын.

AFP хабарлағандай, шеруге шыққандар тәртіп бұзған – жарнама қалқандарын соққылап, қалдық контейнерлері мен велосипедтерді өртеген, жолды жауып, көліктер қозғалысына кедергі келтірген. «Монд» газетінің ақпараты бойынша, тәртіп сақшылары оларды тарату үшін су шашып, көзден жас ағызатын газ қолданған.

Сондай-ақ, Париждегі қақтығыстар кезінде 60-тан астам адам ұсталған. Елдегі аумағының үлкендігі жағынан үшінші қала – Лионда 36 адамның қамалғаны айтылды. Онда радикалдар тобы жергілікті атқарушы органдардың бірінің ғимаратына басып кірген. Мүлікті қиратып, орталық есіктің маңын өртемек болған.

Қала мэрі, «жасылдар» партиясының өкілі Грегори Дусе шерушілердің бұл әрекетін айыптайды, бірақ ол ел басшылығына да сын айтады.

«Биліктің бұл әділетсіз реформаны асығыс қабылдауына негіз жоқ еді. Көшеде де, парламентте де жағдай өте шиеленісіп тұр. Бұл – жүргізіліп отырған саясаттың салдары», - деді ол.

Страсбург (шығыс) пен Лилльде (солтүстік) де мыңдаған адам митингке шықты. Нант, Брест және Бордо (батыс) көшелерінде де наразылық акциялары ұйымдастырылған.

Парламенттің төменгі палатасында үкіметке сенімсіздік вотумын жариялау дауысқа салынбақ,

Ал, кәсіподақтар 23 наурызда жалпыұлттық ереуілге шықпақ, бұл тоғызыншы акция болады.

Еске салайық, Францияда ұзақ уақыт бойы зейнетақы реформасына қарсы ауқымды наразылық шаралары өтті. Ел бойынша миллионға жуық адам, соның ішінде бір ғана Парижде 300 мың адам көшеге шықты.

Сауалнамаларға сәйкес, Франция тұрғындарының 76%-ы реформаға қарсы болғанымен, ел бойынша мыңдаған наразылықтарға қарамастан, Франция сенаты даулы реформаны қолдады.

Франция премьер-министрі Элизабет Борн зейнетақы жүйесіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасының парламентте дауысқа салынбастан қабылданғанын мәлімдеді.

Мұнан соң оппозиция үкіметке сенімсіздік вотумын жариялайтынын хабарлады.


Соңғы жаңалықтар