Франциядағы толқу: халық Макронның зейнетақы реформасына неге қарсы шықты

Фото:
АСТАНА. ҚазАқпарат - Франция билігі зейнетке шығу жасын 62 жастан 64 жасқа дейін көтеруді жоспарлап отыр. Соған байланысты өткен аптада бүкіл ел бойынша наразылық шерулері өтті. Елдегі кәсіподақтардың мәліметінше, оған 2 миллионға жуық адам қатысқан. Алайда бұл зейнет жасын өсіруге қарсы ұйымдастырылған алғашқы митинг емес. Франция президенті Эммануэль Макронның сайлауалды бағдарламасының бір пункты болған аталмыш жоба 2019 жылы жүзеге асырылуы тиіс еді. Сол кезде де наразылық болып, 800 мың адам көшеге шықты. Алайда жаһанды жайлаған пандемия жобаны іске асыруды кейінге шегеруге мәжбүрледі. Енді міне, биыл Макрон зейнет жасын ұлғайтуға қатысты реформаны қайта қолға алмақшы.

Жалпы француз үкіметі үшін зейнет жасын көтеру не үшін тиімді? Оны қалай жүзеге асырмақшы? Оның мақсаты не? Сондай-ақ халық неге қарсы шығып отыр? Француздардың талабы қандай? Осы сауалдар төңірегінде материал дайындауды жөн көріп отырмыз. Толығырақ ҚазАқпарат сарапшысының материалында.

Зейнетақы жүйесін реформалау не үшін керек?

Зейнетақы жүйесін реформалау – президент Эммануэль Макронның сайлау алдындағы басты уәделерінің бірі. Бұған дейін Франция премьер-министрі Элизабет Борн зейнетке шығу жасын 62-ден 64 жасқа дейін көтеруге бағытталған зейнетақы реформасының негізгі бағыттарын атап өткен болатын.

Фото: buro247.ru

Реформаға сәйкес, 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап зейнетке шығу жасын алдағы жеті жылда – жыл сайын үш айға ұлғайту жоспарлануда. Бұл өзгерістер 1961 жылдың қыркүйегінде және одан кейін дүниеге келген француз азаматтарына әсер етеді. Сондай-ақ 2027 жылдан бастап толық зейнетақы алу үшін адамдар 43 жыл жұмыс істеуі керек. Елдегі ең төменгі зейнетақы мөлшері 1200 еуроны құрайтын болады.

Фото: frenchparis.ru

Борнның сөзінше, қолда бар қаражат тапшылығының одан әрі өсуіне жол беру «жауапсыздық» болар еді. Үкіметтің болжамы бойынша, 2030 жылға қарай Францияның зейнетақы қорындағы қаражат тапшылығы шамамен 20 миллиард еуроны құрауы мүмкін. Алайда кәсіодақтар мен сарапшылар үкіметтің бұл жоспарын негізсіз ден санайды.

Демография мен қаржы тапшылығы

Зейнетке шығу жасының өсуіне француз билігі демографиялық және қаржылық жағдайдың себеп болғанын айтады. Бүгінде Францияда өмір сүру ұзақтығы артты, мәселен, әйелдердің өмір сүру ұзақтығы - 85 жас, ал ерлердікі – 79 жасқа жетті. Сондай-ақ үкіметтің мәліметінше, елде экономикалық өсім бәсеңсіп, зейнетақы бюджеті тапшылыққа ұшырап отыр.

Фото: Dan Mullan / Getty Images

Мәселен, Франция үкіметі 2020 жылы зейнетақыға 331,6 миллиард еуро жұмсаған. Бұл ЖІӨ-нің 14,4%-ын құрады. Парижде орналасқан Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының статистикасына сәйкес, 60-64 жас аралығындағы француздар зейнетке шығу жасы жоғары басқа Еуропа елдеріне қарағанда аз уақыт жұмыс істейді. Мысалы, Германия мен Италияда зейнетке шығу жасы - 67, Испания мен Ұлыбританияда - 65 жас. Ал Францияда қазіргі кезде 62 жас. Сондықтан да олардың аз уақыт жұмыс істейтіні жүйені қаржыландыруда қиындықтар туғызып отыр. Үкімет сол себепті де реформаны қолға алмақшы.

Зейнетақы реформасы: Францияның 1 млн халқы наразылыққа шықты

Алайда елдегі барлық кәсіподақ үкіметтің бұл шешіміне қарсы шығып отыр. Реформаға қатысты демонстрациялар жиі өтіп тұрады. Алайда биылғы 19 қаңтарда Францияның Париж, Марсель, Ренн, Страсбург, Бордо, Лилль, Тулуза және сондай-ақ елдің басқа да елді мекендерінде зейнет жасын ұлғайтуды тоқтатуды талап етіп, шеруге шыққан тұрғындар саны миллионнан асты. Бұл аталмыш реформаға қарсы ең көп адам қатысқан ереуіл болды. Елдің премьер-министрі Элизабет Борн зейнетақы реформасының жобасын ұсынғаннан кейін тоғыз күннен кейін Францияның сегіз кәсіподақ ұйымы бірігіп, жаппай наразылық шерулерін ұйымдастырды.

Фото: pikabu.ru

Франция Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сәйкес, ел бойынша жалпыұлттық ереуіл мен шерулерге 1,12 миллион азамат қатысты. Полицияның есептеуінше, Париж көшелеріне 80 мың адам шыққан. Алайда кәсіподақтар ұсынған мәліметте басқаша: наразылық білдірушілердің жалпы саны – 2 миллион адам, ал Париждегі демонстрацияға 400 мың адам қатысқан. Шеру кезінде ел астанасында бірқатар тәртіпсіздік орын алып, 40-қа жуық адам ұсталған.

Фото:EPA/Vostock photo

Париждегі Республика алаңындағы шеру басталғаннан кейін жарты сағат өткен соң полиция мен азаматтар арасында қақтығыс болды. Демонстранттар бетін жауып, полицияға бөтелке, тас лақтырып, қоқыс жәшіктерін өртеп жіберді. Ал тәртіп сақшылары болса, көзден жас ағызатын газ қолданған.

Фото: Guillaume Horcajuelo / EPA / ТАСС

Елдің барлық аумағын жайлаған ереуілдер мен митингілер Франциядағы көлік, әуе қозғалысын, сонымен қоса мекемелердің де жұмысын тоқтатты. Теміржол және әуе рейстері тоқтатылды, оқу орындары мен кәсіпорындар жабылды, қоғамдық көлік қозғалысына кедергі келтірілді.

Шерулер басталған кезінде Франция президенті Эммануэль Макрон Барселонадағы саммитте болған еді. Ол халықтың наразылығын түсінетінін, бірақ француздардың зейнетақысын «үнемдеу» үшін реформа қажет екенін айтты.

Еске салайық, Францияда 2019 жылы да зейнетақы реформасына қарсы шерулер өткен болатын. Елдің Ішкі істер министрлігінің есебі бойынша, ол кезде наразылық акцияларына 800 мың адам қатысқан.

Бұл Франциядағы президент Франсуа Миттеран 1982 жылы зейнеткерлік жасты 60-қа дейін төмендеткеннен бергі жетінші зейнетақы реформасы болмақ.

Үкімет реформадан бас тартуы мүмкін бе?

Француз үкіметі ауқымды наразылықтарға қарамастан, зейнетақы реформасы жоспарын өзгертуге ниетті емес. Өйткені Францияның Еңбек министрлігі бұл реформа жыл сайын 18 миллиард еуроға жуық қаражатты үнемдеуге мүмкіндік беретінін айтып отыр. Соның арқасында зейнетақы жүйесі шығынға ұшырамайды. Сондай-ақ кәсіподақтар байларға қосымша салық енгізуді немесе жұмыс берушілер үшін жалақыдан ұстап қалатын соманы көбейтуді ұсынып жатыр.

Франция үкіметі қаңтардың соңына қарай зейнет жасты көтеру туралы заң жобасын ресми түрде ұсынады деп күтілуде. Ақпан айында құжат парламентке түседі - Макрон заң жобасының қабылдануы үшін консерваторлардың қолдауына ие болады деп үміттенеді.

Фото: frenchparis.ru

Ал сауалнамалардың нәтижесіне сүйенсек, француздардың 60 пайызға жуығы Макронның реформаларына қарсы болса, 46 пайызы шерулерге қосылуға дайын. 19 қаңтарда болған жаппай шерулерден күш алған кәсіподақтар 31 қаңтарда билікті зейнетақы реформасынан бас тартуға мәжбүрлеу үшін жаңа ереуілдер мен акцияларды жариялады.

Фото:Reuters/Eric Gaillard

Жалпы зейнетақы реформасы жобасына наразылық қозғалысының басынан бастап Үкімет те, кәсіподақтар да компромиске бармайтынын, яғни келісімге келмейтінін айтқан болатын. Дегенмен қарсылықтың күшеюіне байланысты елдің премьер-министрі зейнетақы жүйесін реформалау кезінде белгілі бір кәсіп иелеріне, мысалы, өрт сөндірушілер, полиция қызметкерлері, теңізшілер, ұшқыштар мен әуе диспетчерлеріне жеңілдік жасалатынын мәлімдеді. Бірақ ереуілшілер бұл реформадан толықтай бас тартуды талап етуді жалғастырып жатыр.

Фото:AP

Сарапшылар зейнетақы реформасы президент Макрон үшін күрделі сынақ екенін айтып отыр. Тек француз ғана емес, көптеген халықаралық сарапшы да француз үкіметі ереуілшілер мен кәсіподақтардың талабын тыңдап, олармен санасуы керегін айтып отыр. Сенат басшысы үкіметті реформалар күнтізбесін қайта қарауды және келіссөздер жүріп жатқанда, қазір жоспарланғандай, 17 ақпанда парламентке заң жобасын ұсынбауға шақырды.

CFE-CGC кәсіподағының жетекшісі Франсуа Омерилл былай деді: «Ереуіл қанша уақытқа созылса да, қандай сценариймен дамыса да, бұл наразылық француз қоғамында үлкен жара болып қалады. Мұның жанында экономикалық проблемалар мен ереуілшілер талап еткен жалақы түк те емес».

Француз БАҚ-тарының жазуынша, оқиға қалай өрбісе де, зейнетақы реформасына қарсы бұл наразылық қозғалысы 1995 жылғы ереуілдермен және тіпті 1968 жылғы мамырдағы толқулармен салыстырғанда ең ұзаққа созылған қозғалыс ретінде тарихта қалмақ.

Фото:EPA/Vostock photo


Главное фото: pikabu.ru


Соңғы жаңалықтар