Францияда білім алу: қазақстандықтарға қандай мүмкіндіктер бар

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Франция курорттық қалаларымен, әлемге әйгілі музейлерімен және дәмі тіл үйірер тағамдарымен ғана дүниежүзіне танылып отырған жоқ, сонымен қатар бұл елде жоғары сапалы білім де беріледі. Франция Еуропада шетелдік студенттер саны бойынша көш бастап тұр. Олардың арасында қазақстандықтар да бар. Францияның Қазақстандағы елшілігінің мәліметінше, былтыр 370-тен астам отандасымыз студенттік виза алған.

Фото: Alessandro Grussu/Getty Images


ҚазАқпарат тілшісі Француз Республикасының Қазақстандағы елшілігінің ынтымақтастық және білім жөніндегі аймақтық атташесі Ксавье Ле Торривеллек мырзамен қазақстандықтарға Францияда білім алу мүмкіндіктері жайлы тілдескен еді.

– А тташе м ырза, бүгінде Францияда оқығысы келетін қазақстандықтардың саны қанша және студенттерге арналған қандай бағдарламалар бар?

– Жыл сайын Қазақстаннан 300-400-дей студент Францияның жоғары оқу орындарына түседі. Біз жыл сайын бұл көрсеткішті арттыруға тырысамыз. Тағайындалатын шәкіртақы санын көбейтеміз. Магистранттар мен докторанттарға арналған «Абай-Верн», табиғат ресурстарын қорғау саласындағы студенттерге арналған MOPGA сынды бағдарламалар бар. Қазақстандағы Франция елшілігі де үздік үміткерлерге өз шәкіртақысын ұсына алады.

Фото: kz.ambafrance.org


– Осы бағдарламалар туралы толығырақ айтып берсеңіз?

– «Абай-Верн» стипендиялық бағдарламасы – біздің екі білім министрлігінің бірлескен бағдарламасы. Ол 2018 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Бұл бағдарлама бойынша магистранттар 10 ай бойы (қыркүйектен маусымға дейін) айына 800 еуродан, ал докторанттар жарты жыл бойы ай сайын 1200 еуродан шәкіртақы алады. Францияда докторантураның ұзақтығы үш жыл, кейбір бағыттарда алты жылға дейін созылуы мүмкін. «Абай-Верн» бағдарламасы бойынша 2018 жылы Қазақстаннан 65 студент, 2019 жылы 90 студент білім алуға мүмкіндік алды. 2020 жылы коронавирус пандемиясына байланысты бағдарлама жұмыс істеген жоқ. 2021 жылы COVID-19 салдарына байланысты 35 студент оқуға түсті. Былтыр да 35 шәкіртақы тағайындалды.

Make Our Planet Great Again (MOPGA) бағдарламасы да 2018 жылдан бері жұмыс істейді. Бұл - Францияда климат, энергетика, жер және экология ғылымдары салаларындағы жобаларын жүзеге асырғысы келетіндерге арналған бағдарлама. Ол бойынша жыл сайын 10 шәкіртақы беріліп, жүзеге асырылады. 2022 жылы біз Қазақстанмен бұл бағдарламаны тағы бес жылға ұзарту туралы келісімге қол қойдық.

Биылдан бастап «Абай-Верн» бағдарламасы бойынша бұдан да көп шәкіртақы тағайындау көзделген.

https://www.kazakhstan.campusfrance.org/stipendialnaya-programma-abay-vern

Әсіресе Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Парижде бірқатар меморандумға қол қойғаннан кейін осындай мүмкіндік ашылып отыр. Сондай-ақ қазақстандық студенттерге арналған «әлеуметтік қамсыздандыру» мақсатында стипендия беру жалғасады және оның санын көбейту жоспарланған. Бұның бірқатар артықшылығы бар. Бірнеше критерий бойынша іріктелген үздік студенттерге стипендиямен толық қамтылады, яғни жатақхана ақысы және француз университетіндегі оқу бағдарламалары төленеді. Ғылым салаларына келетін болсақ, Абай-Верн шәкіртақысын кез келген адам ала алады. Соңғы жылдары инженерлік, филология немесе аудармашылық (француз тілі мұғалімдерінің кадрларын толықтыру үшін), денсаулық сақтау саласындағы студенттерге басымдық беріліп отыр. Кейінгі кездерде су ресурстарын басқару және тұрақты дамытуға ерекше назар аударылады. Француз немесе ағылшын тілінде оқитын студенттер осы стипендияға өз түйіндемелерін жібере алады. Дегенмен, француз тіліндегі бағдарламаларға басымдық беріледі.

– Француз университеттерінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша да білім алуға бола ма?

– Иә, көптеген қазақ студенттері осы бағдарлама бойынша біздің университеттерге түсіп жатады. «Болашақ» халықаралық стипендиясы аясында халықаралық рейтингтерге енген алты француз университеті мен жоғары мектебін таңдауға болады. Енді оның санын арттыруды жоспарлап отырмыз. Францияның тағы 20 университетін «Болашақ» тізіміне енгізу бойынша келіссөздер жүргізілуде.

– Естуімізше, Францияның жоғары мектептеріне оқуға түсу қиын екен, расында с олай ма ?

– Иә, Францияда жоғары мектептердің беделі өте жоғары. Тіпті, француздарға да жоғары мектепке түсу қиын. Іріктеуден сүрінбей өту оңайға соқпайды. Ол жерге оқуға түсуге қазақ студенттері де бақ сынай алады, бірақ ол үшін француз тілін жетік біліп, жақсы дайындалу керек. Олар Франция елшілігінің стипендиясын алып, аталған білім мекемесінде оқу құқығына таласа алады. Онда инженерлер, бизнес және мемлекеттік органдар менеджерлері, мұғалімдер, ақпараттық технологиялар саласындағы мамандар даярланады. Соның ішінде біз инженерлік жоғары мектептер ең мықты деп санаймыз. Мысалы, École Polytechnique – Франциядағы ең беделді инженерлік мектеп. Онда небәрі 400 студент қана оқиды, бірақ олар сайдың тасындай іріктелген үздіктердің үздігі. Жалпы ол жақта білім алғысы келетіндер көп. Оған түсу үшін екі жылдық дайындық сыныбында, одан кейін мектептің өзінде үш жыл оқуыңыз керек. Осыдан кейін сіз өз мамандығыңыз бойынша халықаралық деңгейде мансапты жалғастыруға мүмкіндік беретін диплом аласыз.

Фото: cmr.edu.in


– Сөз арасында Францияда білім алу үшін тіл білу керек дедіңіз. Қазір Қазақстанда француз тілі қалай дамып жатыр деп ойлайсыз?

– Қазақстанда француз тілі жақсы дамымаған. Қазір біз осы бағытта жұмыс істеп жатырмыз. ҚР Оқу-ағарту министрлігі 5-11 сынып оқушылары үшін мектептерде француз және неміс тілдерін енгізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ Қазақстанның төрт мектебінде жаңа жобаны іске қостық. Атап айтқанда, Астана, Қарағанды, Алматы және Ақтау қалаларында қос тілді сыныптар ашылып, онда математика мен физика француз тілінде оқытылады. Бұл француз тілін үйренгісі келетін оқушыларға арналған. Осылайша, Франциядағы инженерлік жоғары оқу орындарына түскісі келетіндер үшін жақсы мүмкіндік.

Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан Президенті бұған дейін техникалық мамандықтарға ерекше көңіл бөлу керектігін айтқан болатын. Дәл осы бағытта Франция - ең мықты елдердің бірі. Біз осы процеске қатысып, Қазақстандағы машина жасау саласының дамуына үлес қосқымыз келеді. Франция мен Қазақстан - ежелден стратегиялық серіктес елдер.

Фото: dreamstime.com


– Өз еліңіздегі білім деңгейін қалай бағалайсыз?

- Францияда білім - бизнес емес, ол моральдық құндылық. Сондықтан Франциядағы білім деңгейі өте жақсы деп айта аламын. Көптеген университеттердің терең тарихы, өз талаптары бар. Біздің жоғары оқу орындарына түсу оңай емес.

– Қазір еліміздің көптеген аймақтарында шетелдік беделді университеттердің филиалдары ашыла бастады. Қазақстанда француз университеттерінің филиалдарын ашу жоспарда бар ма?

– Қазіргі кезеңде машина жасау, атом энергетикасы және ауыл шаруашылығы салаларында бірқатар кәсіптік оқыту орталықтарын ашу жоспарланып отыр. Болашақта университеттеріміздің филиалдары да ашылады деп үміттенеміз. Біз қазір Сорбонна-Қазақстан институтын студенттерге тартымды ету үшін реформа жасағымыз келеді. Оқудың жаңа бағыттарын ашпақпыз. Ғалым-профессорларды тартамыз.

– Сұхбатыңызға рахмет!


Соңғы жаңалықтар