Францияда 20 жылға сотталған қазақстандық кінәсіз деп танылды

None
Видеодан алынған кадр
АСТАНА. ҚазАқпарат – Францияда 20 жылға бас бостандығынан айырылған қазақстандық София Боднарчук кінәсіз деп танылды. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісі Хабар 24 телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Осыдан 11 жыл бұрын қарағандылық София Боднарчук Францияға аттанып, сол елдің азаматына тұрмысқа шыққан. Дегенмен 2016 жылы оның жұбайы София мен екі жасар қызының көзінше өз ата-анасын атып өлтірді.

Оқиғадан кейін қазақстандық бес жарым жылға жуық уақытын француз түрмесінде өткізді. Оған бұл істе сыбайлас болды деген айып тағылды. Сот процесінде күйеуінің туыстары жалдаған 6 адвокат София Боднарчукке қарсы сөз сөйледі.

Бұл аралықта Софияға отандастары қолдау білдірді. Кейін бұл іске білгілі заңгер Эдуард Марсиал кірісті.

«Мен жалғыз қалдым. Не француз тілін, не заң білмеймін. Дегенмен мені елшілік өкілдері қолдады. Бұрынғы елші Жан Ғалиев пен заң кеңесшісі Рүстем Өмірзақовқа алғысымды білдіремін. Осы жылдар ішінде олар маған қолдау көрсетті, сот процестерінде болды», - деді София Боднарчук.

Адвокат Эдуард Марсиалдің айтуынша, әділетсіз үкімнің басты себебі – өзгелердің немқұрайдылығы.

«Оны әрқашан сыбайлас ретінде қарастырды. Оның айғақтарына сенімсіздік танытты. Салдарынан сотта Софияға бай француздың мүлкін иемденбек болған деп күмән келтірілді. Ол сот үкімімен 20 жылға бас бостандығынан айырылды. Бұл мен үшін күтпеген шешім болды. Мен қай жерде, қандай ағаттық жібергенімді түсінбедім», - деді адвокат Эдуард Марсиал.

Алайда, соңында іс София Боднарчуктың пайдасына шешілді. Енді Франция тарапы әділетсіз үкімнен келтірілген залалды өтеуі тиіс. Өзінің кінәсіздігін дәлелдеген қазақстандық енді ата-ана құқығын қайтаруға ниетті.


Соңғы жаңалықтар