Франция зейнетақы реформасы туралы заңды дауысқа салмастан қабылдады

None
Фото: Reuters/Pascal Rossignol
АСТАНА. ҚазАқпарат – Франция премьер-министрі Элизабет Борн зейнетақы жүйесіне өзгерістер енгізу туралы заң жобасының парламентте дауысқа салынбастан қабылданғанын мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат Euronews-ке сілтеме жасап.

«Парламент комитеттері арасында қол жеткізілген ымыраны тәуекелге тіге алмаймыз. Біз зейнетақы жүйесінің болашағымен ойнай алмаймыз, реформа қажет», - деді Элизабет Борн Ұлттық ассамблея депутаттары алдында сөйлеген сөзінде.

Оның айтуынша, конституцияның 49-бабының 3-тармағына сәйкес, зейнеткерлік жасын 62-ден 64-ке дейін ұлғайтуды көздейтін заң жобасы үшін бар жауапкершілікті үкімет өз мойнына алады.

Еске салайық, Францияда ұзақ уақыт бойы зейнетақы реформасына қарсы ауқымды наразылық шаралары өтті. Ел бойынша миллионға жуық адам, соның ішінде бір ғана Парижде 300 мың адам көшеге шықты.

Сауалнамаларға сәйкес, Франция тұрғындарының 76%-ы реформаға қарсы болғанымен, ел бойынша мыңдаған наразылықтарға қарамастан, Франция сенаты даулы реформаны қолдады.


Соңғы жаңалықтар