Франция Президенті алғашқы мемлекеттік сапармен Қазақстанға келеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Бүгін, 5 желтоқсанда Француз Республикасының Президенті Франсуа Олланд мемлекеттік сапармен Қазақстанға келеді.

Екіжақты кездесулер аясында Нұрсұлтан Назарбаевтың 2012 жылы Францияға барған сапарында жасалған уағдаластықтардың жүзеге асырылу барысы қаралып, өзара ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланады. Ақордада Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Франция Президенті Франсуа Олландтың екіжақты кездесуі өтуі жоспарлануда. Бұдан кейін мемлекет басшылары Тәуелсіздік сарайында өтетін қазақстан-француз бизнес-форумына қатысуы күтілуде.

Бұл Француз Президенті Франсуа Олландтың Қазақстанға алғашқы сапары екенін атап өткен жөн. Ол 2012 жылы Социалистік партия атынан президенттік сайлауға түсіп, жеңіске жетіп, елдің 24-ші мемлекет басшысы болды. Франция Қазақстанның жетекші сауда серіктестерінің алдыңғы бестігіне кірді, яғни бұл мемлекет бүгінде Қазақстанның стратегиялық әріптестерінің алдыңғы қатарына еніп отыр.

1992 жылғы 25 қаңтарда екі ел арасында дипломатиялық қатынастар орнатылды. 1992 жылы наурыз айында Қазақстан Республикасында Франция Республикасының Елшілігі ашылды, ал 1993 жылғы шілдеде Францияда Қазақстан Республикасының Елшілігі ашылды.

Биылғы жылдың басындағы мәліметтер бойынша, 2013 жылдың қорытындылары бойынша екіжақты тауар айналымы 6 млрд. АҚШ долларынан (экспорт - 5,26 млрд., импорт - 924 млн.) асты. Ал Қазақстанға салынған инвестиция жөнінен Франция 4-орында тұр. 2005 жылдан бері осы елдің біздің мемлекетке салған тікелей инвестициялары 10 млрд. доллардан асты.

2014 жылдың бірінші жартыжылдығының қорытындысы бойынша екі елдің өзара тауар айналымы 3,5 млрд. долларды қамтыды. Өткен жылдың сәйкес кезеңіне қарағанда өсім 10 пайызды құрады.

Бүгінде елімізде 150-ге жуық француз компаниялары қызмет етеді. Бұл жерде айта кету керек, бұрын мұндай ірі компаниялар тек мұнай-газ саласында әріптестік қарым-қатынаста болса, соңғы 5 жылда Қазақстанды индустрияландыру бағдарламасы бойынша Францияның индустриялық компаниялары елімізде табысты қызмет ете бастады. Мұнымен қоса, ғарыш саласында да тығыз ынтымақтастық орнатылған.

Айта кетейік, Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясының отырысы және Францияның президенті Франсуа Олландтың Қазақстан Республикасына келуі қарсаңында екі елдің авиациялық биліктері Астана-Париж бағыты бойынша келесі жылғы көктемнің өзінде-ақ рейс ашуға мүмкіндік беретін өзара түсіністік туралы жаңа меморандумға қол қойды. Тағайындалған тасымалдаушыларға Астана-Париж бағдары бойынша жиілігі аптасына 3 рет рейстер орындау құқығы берілген. ҚР Ивестициялар және даму министрлігінің мәліметінше, қазақстандық авиакомпаниялар келесі жылғы наурыз айында-ақ бұл бағыт бойынша рейс ашуды жоспарлап отыр.

Бұдан бөлек, Франция Қазақстанға «ЕХРО-2017» көрмесіне дайындалуға қол ұшын бермек. Осы орайда Француз компаниялары алда келе жатқан халықаралық «ЕХРО-2017» көрмесіне дайындық аясында Қазақстанға құрылыс, архитектура, энергия тиімділігін арттыру, коммуналдық қызмет сияқты салаларда өздерінің шеберліктерімен бөлісіп, қалтқысыз қызметін ұсынуға әзір.

Сонымен қатар, биыл Қазақстанның Франциядағы мәдениет маусымы өтті. «Қазақстан күні» ауқымды бағдарламасының аясында меймандар қазақ халқының қонақжайлылығымен таныса алды. Француздар үшiн арнайы ұлттық нақыштағы әшекейлермен безендірілген киiз үй орнатылды. Ал бүлдіршіндер үшін қазақ мультфильмдерінің көрсетілімдері ұйымдастырылды, сондай-ақ олар қазақ музыкасымен танысып, түрлі сурет үйірмелеріне қатысты. Бұл шаралар мәдени қарым-қатынастарды және екi ел арасындағы ынтымақтастық байланыстарды байытуға мүмкiндiк бердi, сонымен бiрге француздардың Қазақстан жайлы, оның халқы мен даму деңгейi және дәстүрлері туралы білімдерін арттыруға мүмкіндік берді.

Соңғы жаңалықтар