Франция Қазақстанға 13,6 млрд доллардан астам инвестиция құйды

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан мен Франция арасындағы сыртқы сауда айналымы 46 пайызға артты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бұл туралы бүгін ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Қазақстан-француз экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның ХІІІ отырысында мәлім етті.

Өз сөзінде министр Францияның ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысуы екі ел қарым-қатынасының жоғары деңгейін айғақтайтынын атап өтті және Францияның Қазақстанның негізгі серіктестерінің бірі екенін баса айтты.

«Қуатты экономикалық әлеуеті бар Франция Қазақстанның Еуропадағы негізгі сауда серіктестерінің бірі. Екі ел арасындағы тауар айналымы қарқынды түрде өсіп келеді. 2017 жылдың алғашқы жартыжылдығында Қазақстан мен Франция арасындағы сыртқы сауда айналым 1,7 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылдың алғашқы алты айымен салыстырғанда, 46 пайызға жоғары», - деді Жеңіс Қасымбек.

Министрдің айтуынша, Франция Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің үздік бестігіне енеді. Бұл ел Қазақстанға инвестиция құю бойынша да бесінші орында тұр. Соңғы 12 жылда Франция Қазақстанға 13,6 млрд АҚШ долларын инвестициялаған. Қазіргі уақытта Қазақстанда 140-тан астам француз компаниялары түрлі салаларда табысты еңбек етуде.

Айта кетейік, бүгін Астанада Қазақстан-француз экономикалық ынтымақтастық жөніндегі үкіметаралық комиссияның ХІІІ отырысы өтті. Отырыста сауда мен инвестиция, энергетика, соның ішінде жаңартылған энергия көздері, ғарыштық қызмет, қоршаған ортаны қорғау, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау және тағы да басқа салалар бойынша екіжақты ынтымақтастық мәселелері  талқыланды.

Қос тарап үкіметаралық комиссияның келесі отырысын Францияда өткізуге уағдаласты. Шараның өтетін орны мен нақты уақыты дипломатиялық арналар арқылы қосымша келісіледі.

Соңғы жаңалықтар